Қожалы басқыншылығы Бірінші Қарабақ соғысының ең ауыр қасіреті бола отырып, Арменияның Әзербайжанға қарсы ондаған жылдар бойы жалғасқан агрессиясы кезеңінде бейбіт тұрғындарға жасалған ең ауыр қылмыстардың бірі болып табылады.
Қақтығысқа дейін Әзербайжанның Таулы Қарабах аймағында орналасқан бұл қаланың тұрғындары 7000 адамды құрады. 1991 жылдың қазан айынан бастап, армян қарулы күштерімен қоршалған Қожалы қаласы жаппай артиллериялық соққыларға ұшырады және 1992 жылдың ақпан айының 25-інен 26-на қараған түні бұрыңғы КСРО-ның 366-шы мотоатқыштар бөлімшесінің тікелей қатысуымен армян қарулы күштері бұл елді мекенді басып алды. Қожалыны толығымен талқандаған басқыншылар оның бейбіт тұрғындарын ерекше қатыгездікпен жаппай өлтірді.
Қожалы геноцидінің салдарынан қаланың 5379 тұрғыны ауа көшуге мәжбүр болды, 1275 адам тұтқынға алынды (олардың 150-інің, оның ішінде 68 әйел мен 26 баланың тағдыры әлі белгісіз), 487 адам жарақат алды, 8 отбасы толығымен қырылып, 25 бала ата-анасының екеуінен де айырылса, 130 бала олардың бірі – әке, не анасыз қалды, 613 бейбіт тұрғындар, олардың қатарында 63 бала, 106 әйел мен 70 қария аяусыз өлтірілді.
Қожалыдағы қайғылы оқиғалардың қолда бар деректері осы әзербайжан қаласында жасалған қылмыс жай кездейсоқ емес. Армения жүргізген жүйелі зорлық-зомбылық саясаттың ажырамас бөлігі болғандығын дәлелдейді. Қожалыдағы бейбіт тұрғындарды мақсатты түрде өлтіру Арменияда мемлекеттік деңгейде насихатталатын әзербайжандарға қарсы этникалық және нәсілдік өшпенділік саясаттың негізінде жасалған қылмыс болып табылады. Бұл қылмыс тек олардың этникалық тиістіліктеріне қарап, бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіруге бағытталды.
Арменияның Әзербайжан Республикасына қарсы агрессиясы барысында орын алған Қожалы геноциді және басқа да әскери қылмыстар бүкіл әлем мен адамзатқа қарсы қылмыс болып саналады. Сондай-ақ, Халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары туралы заңды, атап айтқанда 1949 жылғы Женева конвенцияларын, Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы конвенцияны, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияны, Нәсiлдiк кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны, Бала құқықтары туралы конвенцияны және Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы конвенцияны өрескел бұзады.
Бүгінгі күні 17 елдің, сондай-ақ АҚШ-тың 23 штатының ұлттық заң шығарушы органдары Қожалыдағы бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіруді айыптайтын және оларды адамзатқа қарсы қылмыс ретінде бағалайтын қарарлар мен шешімдер қабылдады.
Сондай-ақ, Қожалы геноциді Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен Түркітілдес Мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің қарарлары мен мәлімдемелерінде де қатаң түрде айыпталды.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот 2010 жылдың 22 сәуіріндегі шешімінде Қожалы геноцидіне қатысты маңызды қорытындыға келіп, бұл қылмысқа қатысы бар тұлғалардың іс-қимылын «әскери қылмыстарға немесе адамзатқа қарсы қылмыстарға теңестірілу мүмкіндігі бар аса ауыр қылмыстық әрекетке» жатқызды.
Армения Республикасының халықаралық құқыққа қайшы келетін іс-әрекетіне байланысты жауапкершілігінен басқа, қарулы қақтығыс жағдайында, оның ішінде Қожалыда жасалған әрекеттері халықаралық қылмыстық құқықтың әдеттегі және шарттық нормаларына сәйкес, халықаралық қылмыстық іс болып саналады. Бұл әрекеттерге қатысқандар, сондай-ақ олардың сыбайластары мен оларға көмектескендер де жауапкершілікке тартылады. Дегенмен, осы уақытқа дейін Арменияда Қожалы геноцидін және басқа да осыған ұқсас адамзатқа қарсы көптеген әскери қылмыстарды жасауға қатысқан бірде-бір адам қандай да бір қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.
Арменияның бұрынғы қорғаныс министрі, кейінірек осы елдің президенті болған Серж Саргсян британдық журналист Томас де Ваалға берген сұхбатында жасаған әрекетін ашық мойындады: «Қожалы оқиғасына дейін әзербайжандар біз олармен әзілдесіп қана жүр деп ойлады. Олар армяндар қарапайым тұрғындарға қарсы қолдарын көтере алмайтын халық деп ойлады. Біз бұл [стереотипті] бұза алдық.». (Томас де Ваал. Қара бақ: Армения мен Әзербайжан бейбітшілік пен соғыс арасында. Мәскеу, «Текст», 2005, 152 б.).
Армения Әзербайжанның бейбіт тұрғындарына бағытталған мақсатты шабуылдары мен адамзатқа қарсы қылмыстарын 2020 жылдың 27 қыркүйегі мен 10 қарашасы аралығында болған жауынгерлік әрекеттері кезінде де жалғастырды.
Армения соғыс алаңынан әлдеқайда тыс орналасқан Гянджа, Барда және Тертер сияқты Әзербайжан қалаларының бейбіт халқы мен инфрақұрылымына қарсы бағытталған шабуылдары арқылы тағы бір мәрте 1992 жылдың оқиғасын қайталады. Ең сорақысы, осы жолы қарулардың заманауи түрлері мен зымырандық жүйелер қолданылды, бұл - бейбіт тұрғындар арасында жоғары шығындарға әкеп соқтырды. 1992 жылғы Ходжалы геноциді де, 2020 жылы бейбіт тұрғындарды зымыранмен бомбалау да Армения Республикасының бейбіт әзербайжан тұрғындарды жою бойынша мақсатты саясаты тізбегінің түйіні болып табылады.
Әзербайжан Республикасы ұлттық деңгейде, сондай-ақ қолданыстағы халықаралық құқық шеңберінде қабылданған дәйекті шаралар жазасыздықты тоқтатуға және Арменияның Әзербайжанға қарсы басқыншылығы барысында жасалған ауыр қылмыстар үшін кінәлі тұлғаларды сот жауапкершілігіне тартуға қызмет етеді деп санайды.