Қазір ипотекалық несие рәсімдейтін уақыт емес, екі жыл күтіңіз - танымал қаржыгер

Dalanews 23 шіл. 2025 10:33

Маусым айының басында Қазақстанда ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету туралы шешім күшіне енді. Алайда, үкіметтің бұл қадамы нарықты жандандырудың орнына кері әсер еткен: елдегі ең ірі банктер ипотекалық бағдарламаларын бірінен соң бірі тоқтата бастады. Бұл туралы белгілі экономист әрі банкир Ғалым Құсайынов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Digital Business басылымына берген сұқбатында қаржыгер-маман аталған дағдарысты мәселе туындайтынын алдында болжап, банктердің мұндай жағдайда ипотеканы жаппай қысқартуға мәжбүр болатынын ескерткенін де айтады. Бірақ соған қарамастан тиісті органдардың бұл шешімі өз күшіне енеді. Маманның болжамы да айдай келеді.

Ипотекалық несие беруді Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Нұрбанк, тіпті мемлекеттік "Отбасы банк" те уақытша тоқтатуға бірден мәжбүр болды. Ресми түрде бұл шешімді банктер "техникалық жұмыстардың жүргізілуі себепті" деген сипатта түсіндіргенімен, шын мәнінде басты мәселе, ипотекадан түсетін маржаның күрт төмендеп кетуінде еді.

Агенттік неге артқа шегінді?

Жағдайдың ушыққанын түсінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі асығыс түрде жаңа құжат қабылдап, ипотеканың ЖТСМ деңгейін 25 пайызға дейін ұстап тұру мерзімін 2025 жылдың 1 қарашасына дейін ұзартты.

Ғалым Құсайынов бұл жайт мәселені шешпейді, тек оны кейінге шегеріп қойды деген пікірде.

"Бұл жағдайдың осылай болатыны, әуел бастан белгілі еді. Банктер мұндай төмен маржамен ипотека беруге дайын емес. Сондықтан, реттеуші банктердің наразылығын ескеріп, шегініс жасауға мәжбүр болды. Алайда, бұл мәселені түбегейлі шешпейді", – дейді сарапшы.

Шектеу нарықты тұншықтырады

Ғалым Құсайынов ипотека нарығындағы бағаны тек нарықтың өзі реттеуі тиіс екенін алға тартады. Оның пікірінше, мемлекет ипотекалық сыйақы мөлшерлемесін әкімшілік жолмен төмендетудің орнына, банктердің кепілге қойған мүлікті қайтарып алу процедурасын жеңілдетуі қажет. Сонда бұл банктердің тәуекелін азайтып, пайыздық мөлшерлемені табиғи түрде төмендетуге ықпал етер еді. 

"Бағаны реттеуге кез келген әкімшілік араласу банктердің тәуекелді клиенттерге несие беруін күрт қысқартады. Нәтижесінде ипотеканың жалпы қолжетімділігі төмендейді", – дейді ол.

Банктердің ипотекадан бас тартуының себебі тек маржада емес. Сарапшының пікірінше, қазір банктер жаңа ережелерге байланысты скорингтік модельдерді қайта қарауға және тәуекелдерді басқаша бағалауға мәжбүр.

Ипотека: нарық қалай өзгеруі мүмкін?

Құсайынов алдағы уақытта ипотеканың толық жойылмайтынын, бірақ бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімсіз болатынын айтады.

"Банктер несиені тек жоғары төлем қабілеті бар клиенттерге ғана бере бастайды. Бұдан бөлек, банктер ипотекаға балама ретінде жылдам әрі тиімді тұтынушылық несие түрлеріне басымдық бере бастайды деген де болжам бар. Нәтижесінде, тұрғын үй несиелері кейде тұтынушылық несие түрінде де рәсімделіп кетуі мүмкін. Нарық ойыншылары бұл жағдайда қол қусырып қарап отырмайды, міндетті түрде осындай түрлі жолдар іздейді. Тіпті, кейбір банктер ипотека нарығынан мүлде кетіп, тек бағалы қағаздар нарығында ғана жұмыс істей бастауы ықтимал", – дейді сарапшы.

Қазір ипотекалық несие алуға қолайлы кезең бе?

Digital Business тілшісінің "Қазір ипотекаға үй алатын нағыз қолайлы уақыт па?" деген сауалына экономист бірден: "Қазір ипотекалық несиеге үй рәсімдейтіндей қолайлы уақыт емес", – деп жауап берді.

"Бір-екі жыл күткен жөн. Базалық мөлшерлеме төмендеген соң ғана ипотекалық несие рәсімдеу тиімді болады. Ал, әзірге ақшаны жинақтаған дұрыс. Өйткені қазіргі базалық мөлшерлеме тым жоғары кезде теңге түріндегі депозиттің табыстылығы тұрғын үй бағасының өсімінен әлдеқайда жоғары болмақ", – деп сөзін түйіндеді Ғалым Құсайынов.

Бұған дейін сайтымызда "Банктердің ипотекалық несие беруді доғаратыны рас па - сарапшы пікірі" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ бізде "Қазақстан “ипотекалық скандал” алдында тұр — DALA INSIDE дереккөзі" атты материал да жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар