Украина мен Ресей өкілдері арасындағы тікелей келіссөздердің үшінші кезеңі осы аптада Түркияның Ыстамбұл қаласында өтуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz украин, түрік және ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Кездесу сәрсенбі не бейсенбіге жоспарланған
Forbes-тің Түркиядағы бөлімшесі дипломатиялық дереккөздерге сүйене отырып, келіссөздердің сәрсенбі немесе бейсенбі күні өтуі мүмкін екенін жазады. Бірақ келіссөздің нақты уақыты, орны және делегациялардың деңгейі туралы мәліметтер жария етілген жоқ.
Жаңа кездесудің техникалық деңгейде өтіп, шектеулі мәселелерге арналатыны айтылған. Атап айтқанда, тараптар гуманитарлық көмек, тұтқын алмасу, инфрақұрылым қауіпсіздігі және шекара маңындағы қауіпсіздік шараларын талқылауы мүмкін.
Келіссөздердің мерзімі әр дереккөзде әртүрлі көрсетілген
Украиналық «Суспільне» арнасы да өз дереккөзіне сілтеме жасап, келіссөздер сейсенбі не сәрсенбі күні өтуі ықтимал екенін хабарлады. Алайда бұл – алдыңғы раундта жасалған уағдаластықтардың орындалуына байланысты болмақ.
Ал ресейлік ТАСС агенттігі келіссөздердің осы аптаның соңына қарай өтуі мүмкін екенін жазды.
Умеров Ресейге ұсыныс жасаған
Өткен демалыс күндері Украина президенті Владимир Зеленский Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеровтың Ресей жағына осы аптада жаңа кездесу өткізу жөнінде ұсыныс жасағанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Украина мен Ресей арасындағы соңғы келіссөздер 2 маусымда Ыстамбұлда өткен болатын. Ол кезде Ресей Украинаға қабылданбайтын ультиматумдар жиынтығы бар меморандум ұсынған.