Қазақстанда жалақы өсті, бірақ оның пайдасы халыққа түк сезілмеуде - Finprom

Кәмшат Тілеухан 22 шіл. 2025 18:04

Қазақстанда 2025 жылдың І-тоқсанында қызметкерлердің орташа жалақысы 423,1 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,2%-ға көбейді. Алайда инфляцияның жоғары деңгейінен халықтың шынайы сатып алу мүмкіндігі тек 1,2%-ға ғана жақсарды. Бұл туралы Finprom.kz сарапшыларының сарамтамасында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өңірлік көрсеткіштерде ең жоғары жалақы Атырау (634,2 мың теңге), Маңғыстау (621,3 мың теңге) және Ұлытау (599 мың теңге) облыстарында тіркелсе, ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан (300,1 мың теңге), Жетісу (308,4 мың теңге) және Жамбыл (308,9 мың теңге) облыстарында байқалған.

"Еліміздің 20 өңірінің алтауында халықтың шынайы табысы төмендеп кеткен. Бұл дегеніміз – аталған өңірлердегі жалақы мөлшері бір жыл бұрынғы сатып алу қабілетін қамтамасыз ете алмайды. Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысында сатып алу қабілеті 5,2%-ға, Атырау облысында 3,9%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 1,9%-ға, Қызылорда облысында 1,2%-ға, Ақмола облысында 1,1%-ға және Маңғыстау облысында 0,8%-ға төмендеген", - дейді сарапшылар.

Қарағанды облысы – жалғыз өзгеріссіз қалған өңір. Ал өзге аймақтарда халықтың сатып алу мүмкіндігі 0,6%-дан (Абай облысы) 9,1%-ға дейін (Ұлытау облысы) өскен.

"Жалпы, биыл қаңтар-маусым аралығында инфляция деңгейі республика бойынша 10,4%-ға жетті. Оның ішінде аса қымбатшылық Астана қаласында (12,4%), Ақмола (10,8%) және Қарағанды (10,6%) облыстарында байқалды. Ал баға өсімі ең төмен аймақтар – Алматы (7,3%), Павлодар (7,6%) және Жамбыл (7,8%) облыстары".

Сонымен қатар, DEMOSCOPE зерттеу орталығының мәліметінше, халықтың көпшілігі қосымша құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтерілуіне қарсы болып шықты. Азаматтардың 56,7%-ы бұл салық реформасын қолдамайтынын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 18,4%-ы өзгерістер туралы естімеген, тек 11,8%-ы ғана бұл қадамды құптаса, 8,1%-ы бейтарап ұстанымда екенін білдірген.

Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС шегінің 15 млн теңгеге дейін төмендетіліп, салық жүктемесінің артуы бағаның өсуіне әкеліп соқтыруы ықтимал. Соңғы үш айда халықтың 68,6%-ы азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарларға жұмсалатын шығыны едәуір өскенін айтқан. Тағы 13,9%-ы шығынының аздап артқанын байқаса, 11%-ында өзгеріс болмаған, ал шығын азайды дегендердің үлесі небәрі – 2,8%.

"Дегенмен, бағаның қымбаттауы қазақстандықтардың негізгі алаңдаушылығына жатпайды. Халықты ең қатты мазалайтын мәселе – төмен табыс пен жалақы деңгейі. Екінші орында – жемқорлық мәселесі, ал күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауы тек үшінші орында тұр",- дейді сарапшылар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар