Мемлекет өзі байқамай коммерциялық ипотекалық нарықты өлтіріп ала жаздады. Енді кінәлілерді жазалау процесі басталуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz DALA INSIDE дереккөзіне сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз шешімінен өзі шошып кеткен.
“Ипотека ЖТСМ-ындағы алтыбақан ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымованың ең сәтсіз кейсі болайын деп тұр. Бұған дейін қаржы нарығын реттеу агенттігі еш уақытта дәл бұлай өз шешімін тез өзгертпеген болатын. Агенттіктің өз ішінде қазір эмоционалды толқулар жүруде. Кезінде бұл норманы модельдеп, дәлелдеп қорғаған қызметкерлер, яғни бас мамандар мен эксперттер таяқ жеп жатыр”, - дейді, дереккөз.
Әңгіме екінші деңгейлі банктер ипотекасының жылдық тиімді мөлшерлемесін 20 пайыз деңгейімен шектеуге қатысты болып отыр. ҚНРДА осы норманы енгізіп, ол ереже 16-шы маусымнан бастап заңды күшіне енуі тиіс еді. Банктер өз қарсылығын ашық білдірмесе де, “техникалық жұмыстар” деген желеумен ипотека беруді мүлде тоқтата салды. Ал мемлекет банктерді коммерциялық ипотека беруге мәжбүрлей алмайды. Сондықтан агенттік шошып кетті де, норманың өз күшіне енуін қараша айына дейін шегеріп қойды.
“ҚНРДА ипотекадағы жылдық тиімді мөлшерлемені шектеуді ақырындап ұмыттырып, жалпы бұл норманы алып тастайтын сияқты. Себебі банктер «20 пайызбен ипотека беру бізге қызық емес» деген сыңай танытуда. Бұл шантаж да болуы мүмкін. Ондай болса банктер мемлекетті қалпақпен оңай қағып алды деп айтуға болады”, - дейді дереккөз.
Айтуынша, банктер ипотекадан бір күнде кетіп қалса, онда бұл нарықта мемлекеттік “Отбасы банк” қана қалады.
“Ал бұл ҚНРДА-ның жалпы қаржы нарығын дамыту, бәсекелестікті арттыру бойынша стратегиясына қайшы нәрсе. Сонда агенттік өзі дамытуы тиіс қаржы нарығын өлтіріп алуы ғажап емес”, — деп қосты дереккөз.
Дереккөз ұсынған материалға сүйенсек, банктер осы жылдың бірінші тоқсанында 390 миллиард теңгеге ипотека берген.
“Базалық ставканың жоғары болуынан коммерциялық ипотека пайыздары қымбат болып тұр. Сондықтан кез келген адам мақұлдау ала бермейді. Ол үшін борышкердің табысы жоғары, басқа кредиттері аз болуы тиіс. Ал жалпы нарықта берілген және төленіп жатқан ипотеканың жалпы сомасы 6,7 триллион теңгеге жетіп отыр. Бұл фундаменталды потолокқа жақындап қалғанымызды білдіреді”, — дейді ол.
Фундаменталды потолок деген не?
“Кредит алған 9 миллион қазақстандықтың 24 триллион теңге кредиті бар. Оның 6,7 триллион теңгесі ипотека. Отандастарымыздың табысы күрт артпаған жағдайда, олар қазіргі ипотеканың үстінен тағы ипотека қосып ала алмайды. Алдыңғысын жабуы тиіс. Сондықтан ипотека портфелі шамамен 8 триллиондық шекпен тоқтайды деген болжам бар”, — деді дереккөз.