Қазақстандағы көлеңкелі экономика: Тоқаевтың тапсырмасы орындалып жатыр ма?

Кәмшат Тілеухан 04 шіл. 2025 11:47

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы төрт жылда елімізде көлеңкелі экономиканың үлесі айтарлықтай азайғанын айтады. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) көлеңкелі экономика деңгейі 23 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін төмендеген. Халықаралық сарапшылар да Қазақстандағы көлеңкелі экономика деңгейі ресми есептерден де төмен екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Президент 2021 жылы көлеңкелі экономиканың көлемін 2025 жылға қарай 15 пайызға дейін түсіруді тапсырған еді. Осы тапсырманы орындау үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Жоспар бойынша, көлеңкелі экономика көлемі 2023 жылы – 18,2%, 2024 жылы – 16,6%, ал 2025 жылы 15%-дан аспауы тиіс бола-тұғын.

Бұл міндетті орындау үшін елдегі қаржылық операцияларды бақылау күшейтілді. Мысалы, қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексеру күшейтілмек. Жаңа ережеге сәйкес, үш ай ішінде шотқа түсетін қаржы көлемі 1 миллион теңгеден асқан жағдайда, қаржының шығу тегі мен мақсаты анықталады. Кәсіпкерлердің "мобильді төлемдерді негіздеу қиын" деген шағымдарына жауап берген Қаржы министрлігі, бұл өзгерістің негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканы азайту екенін, сондықтан адал салық төлеушілерге алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2021 жылы Қазақстанда көлеңкелі экономиканың көлемі ЖІӨ-нің 19,75%-ын құраса, 2023 жылы 17,58%-ға дейін азайған. Бұл жоспардағы көрсеткіштен де төмен болып отыр.

Ranking.kz халықаралық сарапшылар Қазақстандағы көлеңкелі экономика деңгейі ресми есептерден де төмен деп санайтынын жазады. Мәселен, Ernst & Young (EY) консалтинг компаниясының 2025 жылғы наурыздағы есебіне сәйкес, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың деңгейі 2023 жылы ЖІӨ-нің 11,2%-ын ғана құраған.

"Салыстыру үшін айта кетсек, әлем бойынша орташа көрсеткіш – 11,8%. Әсіресе, табысы төмен елдерде көлеңкелі экономиканың үлесі өте жоғары. Мәселен, Сьерра-Леонеде бұл көрсеткіш 64,5%, Нигерде – 56,3%, Непалда – 51%-ға жетеді. Ал экономикасы дамыған елдерде керісінше өте төмен. Біріккен Араб Әмірліктерінде – 2,1%, Катарда – 2,2%. Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында Қазақстанның көрсеткіші ең төмен болып отыр (11,2%). EY есебіне сәйкес, Ресейде көлеңкелі экономиканың үлесі – 13,1%, Беларусьте – 18,3%, Арменияда – 18,9%, Түркіменстанда – 19,7%, Өзбекстанда – 24,4%. Ең жоғары көрсеткіш – Тәжікстанда (шамамен 33%)", - дейді Ranking.kz сарапшылары.

Жалпы алғанда, әлемдегі көлеңкелі экономика көлемі 12,5 трлн долларды құрайды. Абсолютті көлем бойынша Қытай көш бастап тұр. Қытайдағы көлеңкелі экономиканың көлемі – 3,6 трлн доллар немесе елдің ЖІӨ-нің 20%-ы.

Абсолютті көлем бойынша екінші орында – АҚШ. Ондағы көлеңкелі экономиканың көлемі – 1,4 трлн доллар. АҚШ-тағы көлеңкелі экономиканың үлесі аз болғанымен (ЖІӨ-нің 5%-ы ғана), елдің экономикасы үлкен болғандықтан, абсолютті сома өте жоғары болып отыр.

Үздік бестікке Үндістан (931 млрд доллар), Бразилия (448 млрд доллар), Индонезия (326 млрд доллар) кіреді. Ресей бұл тізімде тоғызыншы орында, көлеңкелі экономика көлемі – 265 млрд доллар. Қазақстандағы абсолютті көрсеткіш – 29,4 млрд доллар.

Бұған дейін сайтымызда "Делдалдар экономикасы. Қазақстанда неге түрлі схемалар көп?" деген мақала жарияланған болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар