Қазақстанда АЭС салынатын орын анықталды

Dalanews 17 там. 2023 08:10 1122

Елімізде атом энергетикасының потенциалын пайдалану бойынша талқылаулар соңғы үш-төрт жылдың бедерінде ұдай өткізіліп келеді.

Соның ішінде Қазақстанның қоршаған ортасына зиянын тигізбейтін реакторды таңдау, АЭС орын тебетін ауданды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Шетелдік АЭС-терге іс-сапарлар ұйымдастырылып, осы саланың білікті мамандарымен консультациялар жүрді.

Сарапшылардың ұйғарымына сай АЭС құрылысына ыңғайлы аудан ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылының аумағы таңдалды.

Ел үкіметі АЭС құрылысында сәтті жобаларды жүзеге асырған мемлекеттердің технологиясын електен өткізген болатын. Соның нәтижесінде келесідей компаниялар шорт-парағы әзірленген еді:

  • HPR-1000 қытай компаниясы – CNNC;

  • APR-1400 реакторы бар корей компаниясы – KHNP;

  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей компаниясы – Росатом;

  • EPR-1200 реакторы бар француз компаниясы – EDF.


Зерттеу нәтижесі 2022 жылғы мамырда атом өндірісін дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды әрі мақұлданды.

«Атом энергиясын пайдалану туралы» ҚР заңының 12-бабына сәйкес Ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Смайылов Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган болып есептеледі.

Осыған орай, өткен жылдың қараша айында Алматы облысы мәслихатының отырысында аудан тұрғындарын құптауымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданған.

Ал осы айдың 22-сі күні атом электр станциясын салу бойынша Алматы облысының Үлкен ауылындағы мектеп залында қоғамдық талқылау өтеді.


Бұған дейін қоғамдық тыңдау 28 ақпанға жоспарланған еді, алайда кейінге шегерілді.

Әлемжелідегі белсенділер АЭС салу бойынша референдум өткізу қажеттігін талап еткен еді. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов бұл мәселенің референумға салынбайтынын мәлімдеген.

"Референдум болмайды. Бұл мәселе референдумға шығарылмайды. Алдымен, алаңның орналасқан жеріне қатысты сұрақ бар. Екіншіден, ең бастысы – технология және қаржылық-экономикалық модель. Ол қалай әсер етеді, біз мұны қалай жүзеге асырамыз? Бұл жөнінде түйткілдер бар, - деген еді вице-министр.

Жоспарға сәйкес, АЭС құрылыс-монтаж жұмыстары 2034 жылы аяқталып, 2035 жылы станция пайдалануға берілуге тиіс.

Бұған дейін DALA NEWS-ке сұхбат берген сарапшы Азат Қонысбек "Қазақстан вендор таңдауда қателеспеу керек" деген пікір білдіргін. Ол бүгінгі таңда француздардың, шведтің, бельгияның технологиясы ең озығы деп санайды.

"Францияда алынатын электрдің 80 пайызы АЭС-қа тиесілі. Швецияда – 75 пайыз, Бельгияда - 65 пайыз. Осы жағынан алғанда, француздардың технологиясына арқа сүйесек, мүлде ұтылмас едік деп айтар едім.

Жалпы, олардың бұл бағыттағы тәжірибесі мол. Физика саласында алғашқы Нобель сыйлығын алғандар да осы елдің ғалымдары.

Тіпті, мектепте химия мен физика пәндері арқылы белгілі, полоний, радий сынды элементтерді ашқан атақты ерлі-зайыпты ғалымдар Пьер мен Мария Кюри де Франция азаматтары. Мұнда Кюри атындағы ғылыми институт та бар іргетасы ежелден қаланған. Айтайын дегенім, қай жағынан алсақ та АЭС құрылысына қажетті технологиялардың ең озығы Францияға тиесілі», - дейді Азат Қонысбек.

https://dalanews.kz/bas-takyryp/86848-vendor-tangdauda-qatelespeu-kerek-ka

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар