Қазақстан Даму банкінің жекелеген қарыз алушылары салалық даму тұжырымдамасында бекітілген шекті мәндерден төмен мөлшерлемелер бойынша кредиттер алғаны анықталды. Бұл жайтты Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізу кезінде анықтаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сондай-ақ аудиторлар Қазақстан Даму банкі бюджет қаражатын 0,15% мөлшерлемемен алып, кейіннен қарыз алушыларға оны 9-11% мөлшерлеме бойынша кредит бергенін де анықтады.
"Бұл банктің артық қаржылай пайда алуына және мемлекет үшін кірістің жеткіліксіздігіне әкелді. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бюджеттік кредиттеу шарттары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қайта қарауды ұсынды", делінген ЖАП баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аудиторлардың пікірінше, бұл мемлекеттік қолдау шараларына алуда тең жағдай жасауға мүмкіндік бермейді.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата белгіленге пайыздық мөлшерлеме енгізуді ұсынды. Сонда ол банктің ішкі бағалауы негізінде мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді.
"Нәтижесінде ҚДБ директорлар кеңесінің шешімімен өңдеу өнеркәсібі жобаларының айналым капиталын қаржыландыру және экспорттаушыларды қолдау бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер барлық түпкілікті қарыз алушылар үшін бірыңғай сыйақы мөлшерлемесін жылдық 7% мөлшерінде белгілеуді көздейді", деп нақтылайды құзырлы орган.
Айта кетсек, ҚДБ шикізаттық емес салалардағы жеке инвестициялық жобаларды, сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырумен айналысады. Оның жалғыз акционері - экономика министрлігіне қарасты "Бәйтерек" холдингі. ҚДБ-ның өзі, Forbes мәліметтері бойынша, Өнеркәсіпті дамыту қорына және голландиялық DBK Capital Structure Fund B. V-ге иелік етеді.
Бұған дейін сайтымызда "Депутат Жоғары аудиторлық палатадан тексерулер нәтижелерін жариялауды талап етті" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ "Қазақстан Даму Банкі ескі қарызын жабу үшін тағы қарызға ақша тартуда" деген мақаланы да оқи отырыңыздар.