Шенеуніктерді мақтап пост жазатындарға бюджеттен ақша бөлуді қою керек - депутат

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2025 14:12 489

Депутат блогерлер мен БАҚ-қа шенеуніктерді мақтағаны үшін ақша төлеуді тоқтатуды ұсынды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваның пікірінше, бюджет ақшасын блогерлер мен баспасөздегі жазбаларға жұмсау тәжірибесін тоқтататын уақыт жеткен. Оның сөзінше, осы арқылы мемлекеттік органдардың оң имиджі қолдан жасалады.

"Мемлекеттік органдар жұмысының оң рейтингін қалыптастыру үшін ақы төлейтін шығынды алып тастауды ұсынамыз. Жақсы жұмыс істесеңіз, бұқаралық ақпарат құралдары онсыз да бұл жұмысты жазады, көрсетеді. Жұмыс көңілден шықпаса, онда мұндай қызметкерлерді ауыстыру қажет", - деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер БАҚ өкілдеріне үлкен ауыртпалық екенін мәлімдеді.

Нартай Сәрсенғалиев маңызды екі ұсыныс жолдады.
"Біріншісі, еліміздегі отандық газет-журналдарға қосымша құн салығын алып тастау яки нөл пайыз қылу. Екінші еліміздегі отандық ресми тіркелген телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарына қосымша құн салығын 10% деңгейінде қалдыру. Бәріміз білетін тәмсіл бар ғой: кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемге иелік етеді деген. Сондықтан осы бағытта отандық БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігін, дұрыс ақпарат таратуын сақтап қалу керек", - деді ол.
Алайда вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың сауалына жауап беріп, жеңілдік қарастырылмайтынын жеткізді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар