Қазақстанға "қатаң сенім" тұрғысындағы жаңа стратегия қажет. Бұл ұғым біздің ақша-кредит саясатындағы қазіргі олқылықтарды түзеуге бағытталып, ең бастысы — инфляциялық күтулер қаупінің толықтай "бетін қайтарып" және инфляцияны нақты төмендетуге қол жеткізуге сеп болмақ. Бұл туралы Monetarity Telegram арнасының авторы, қаржыгер-маман Владислав Туркин айтады. Оның пікірінше, бүгіндері біздегі инфляция еш ауыздықтауға келмей жатыр. Өйткені Ұлттық банк жариялаған болжамды мақсаттар орындалмақ түгілі ауылы алыстай беруде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қатаң сенім" дегеніміз – бұл Ұлттық Банктің уәдесіне толық сай болуын ғана емес, өзінің негізгі мақсатынан (инфляциялық таргеттен) бір сәтке де көз жазбауын білдіреді. Ұлттық Банк әр шешімін қабылдағанда, ең алдымен, инфляциялық күтулерге қатысты әсерді бағамдап, инфляцияны төмендету тұрғысындағы позициясына қатысты түсініктеме беріп отыруы керек", - дейді қаржыгер-маман.
Бұл нені білдіреді?
Біріншіден, таргетті қатаң сақтау керек. Мысалы, таргет 5% болса, онда "5-7% аралығында болады" деп бұлдыр болжам жасамау қажет. Негізінен, таргет нақты цифрмен белгіленіп, сол цифрге жету мерзімі айқын көрсетіледі. "Шамамен келесі жылы..." деген абстрактілі болжамдар емес, нақты мерзім мен жауапкершілік болуы шарт. Ұлттық Банк болжамды жиі өзгертпей, айтқан сөзін соңына дейін ұстануы тиіс.
Екіншіден, асимметриялы реакцияны тоқтату. Бізде қазір Ұлттық Банк инфляция өсіміне қатысты салқынқандылық танытса, керісінше инфляция сәл баяуласа ақша-несие саясатын тез жұмсартуға ұмтылады. Мұны мүлдем доғару қажет. Инфляция тұрақты түрде таргеттен төмен түспейінше, пайыздық мөлшерлеме төмендемеуі керек. Керісінше, инфляциялық белгілердің (кредиттік импульс, ақша массасы, бюджет шығыстарының өсімі) бірі пайда болса да, алдын ала қатаң реакция жасау қажет.
Үшіншіден, базалық мөлшерлемені көтеруден қорықпау керек. Қазақстан экономикасы тарихында тұрақты төмен инфляция кезеңі болған емес, сондықтан халық пен бизнестің инфляциялық күтулері созылмалы жоғары қалыпта қала береді. Мұндай кезде Ұлттық банк халықтың күтулеріне сүйенуден гөрі, әлдеқайда қатал шешім қабылдауы тиіс. 2022-2024 жылдары Бразилия инфляциямен күресте базалық мөлшерлемені 13,75%-ға дейін көтеріп, нақты пайызды +7-8%-ға дейін жеткізгені бар. Австралия инфляция деңгейі 2,4%-ға дейін түссе де, ставканы 3,85%-дан төмендетпей отыр. Бізге де дәл осындай қатаңдық қажет.
Төртіншіден, forward guidance-ті нақты қолдану. Forward guidance дегеніміз – нарықпен нақты және анық коммуникация. Ұлттық Банк әр шешімінің нақты әрі түсінікті себебін ашық жариялап, сол арқылы нарық қатысушыларын және қоғамды өзінің жоспарына сендіре білуі керек. Нақты іс-қимыл жоспары мен нақты орындалған шаралар арқылы ғана қоғамның Ұлттық банкке деген сенімін қалыптастыруға болады.
Бесіншіден, қысқа мерзімді экономикалық өсімді сақтау үшін инфляцияға жол бермеу. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсім тек төмен және болжамды инфляция жағдайында ғана мүмкін. Сондықтан инфляцияны тежеуде Ұлттық банк өсімнің уақытша баяулауына дайын болу керек. Бұл - тұрақты өсімге жол ашатын уақытша құрбандық болмақ.
Алтыншыдан, институционалды реформалар. Ақша-кредит саясатының сенімділігі, оның тиімділігі институционалдық тәуелсіздікті нығайтумен, сондай-ақ шешім қабылдау процесінің ашықтығымен тікелей байланысты. Шешімдерді қабылдайтын комитеттің құрамын, пікірталастарды, дауыс беру нәтижелерін жариялау арқылы ашықтықты арттыру қажет.
Жетіншіден, жүйелі түрде есеп беріп отыру. Ұлттық Банк инфляциялық таргетке жету бойынша нақты көрсеткіштермен (кредиттік импульс, ақша массасының өзгеруі, бюджет шығындары мен кірістерінің динамикасы) тұрақты есеп беріп отыруы керек. Бұл қоғам мен нарық қатысушыларында Ұлттық банктің инфляциямен күресті қаншалықты сәтті жүргізіп жатқанын бағамдауға мүмкіндік береді.
"Бұл шаралар кешені Қазақстанда "қатаң сенім" стратегиясын орнықтырады. Оның нәтижесінде инфляциялық күтулер төмендеп, баға, жалақы деңгейін белгілеуде инфляциялық алды мінез-құлық әлсіреп, ақша-кредит саясаты тұрақтанып, экономиканың ұзақ мерзімді әрі сапалы өсіміне жол ашылады", - дейді Туркин.
Айта кетсек, күні кеше Үкімет коммунальдық қызметтердің кейбір тарифтерін көтеруді кейінге қалдырғандарын жариялады. Билік бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға және инфляция деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп сенім білдіреді.