Қарағанды облысында пойыз төрт жұмысшыны қағып кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
10 желтоқсанда сағат 17:15-те Мойынты-Шығанақ учаскесіндегі Шешенқара-Қаражанғыл аралығында жүк пойызы қозғалып келе жатқан кезде машинист шұғыл тежеген. Осы кезде Сарышаған станциясының жол бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды орындап жатқан.
"Барлық қажет шараға қарамастан, жазатайым оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Төрт жұмысшы жарақаттан көз жұмды. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия тексеріс жүргізу үшін оқиға орнына жедел аттанды", - деп жазылған хабарламада.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мәліметінше, қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетіледі.
