2 наурыздан бастап әкімдіктер қоғамдық орындарды ластаған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарта алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланатын орындарды, саябақтар мен скверлерді ластау, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге тастау құқықбұзушылық болып есептеледі. Мұндай әрекет үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (қазір 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылуы мүмкін. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалса, айыппұл көлемі 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Бұған дейін көшеге темекі тұқылын немесе бос бөтелкені тастағандарды тек полиция ғана айыппұлға тарта алатын. Енді бұл өкілет әкімдіктерге де беріліп отыр.
