Иран-Израиль жағдайы: Сауд Арабия реніші және Saudi Aramco мұнай өңдеу зауытының тоқтауы

Көркем Алдабергенова 02 нау. 2026 14:18

Сауд Арабиясының лауазымды өкілі Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында АҚШ Парсы шығанағы елдерін назардан тыс қалдырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, АҚШ өзінің әуе қорғанысы жүйелерін Израильді қорғауға бағыттап, аумағында америкалық әскери базалар орналасқан Парсы шығанағы мемлекеттерін ирандық зымырандар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттардың алдында қорғансыз қалдырған.

Сонымен қатар, Saudi Aramco ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысын тоқтатты.

Осы жағдай аясында Сауд Арабиясының мемлекеттік мұнай компаниясы Saudi Aramco дрондар шабуылынан кейін Ras Tanura мұнай өңдеу кешенінің жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы батыстық БАҚ хабарлады.

Парсы шығанағы жағалауында орналасқан Рас-Танура қаласындағы кешен Таяу Шығыстағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі саналады және саудиялық мұнайды экспорттауда маңызды терминал болып табылады. Оның тәуліктік қуаты – 550 мың баррель.

Bloomberg агенттігінің дерегінше, кәсіпорын аумағында өрт шыққан, алайда ол оқшауланған.

Ал Сауд Арабиясы Қорғаныс министрлігінің өкілі Al Arabiya телеарнасына Ras Tanura мұнай өңдеу зауыты маңында екі ұшқышсыз аппараттың жойылғанын хабарлады.

Мұнай бағасы күрт өсті

Оқиғадан кейін мұнай нарығы да қатты құбылды. Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айына арналған фьючерстері Мәскеу уақытымен 11:22-де 9,8%-ға қымбаттап, барреліне 80 долларға жетті.

Ал Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) WTI маркалы мұнайдың сәуір айына арналған фьючерстері 9,2%-ға өсіп, барреліне 73,2 доллар болды.

Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс мұнай нарығындағы тұрақсыздықты одан әрі күшейтуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove