Жау алыстан келген жоқ: Азамат Әбілқайыр аймақтық бірлік туралы не айтты?

Самал Асқар 02 нау. 2026 22:02

Қазақстандық журналист Азамат Әбілқайыр өз видеосында Таяу Шығыстағы жағдайды мысалға алып, аймақтық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Dala News.

Оның пікірінше, мемлекеттер эмоциямен емес, прагматикалық мүддемен әрекет етуі керек.

Төменде видеодан алынған сөздер өзгеріссіз берілді:

«Жау алыстан келген жоқ. Иран өзі көршілеріне тап берді. Енді осы жерде Тоқаевтың бір айтатын сөзі бар: біз, көршілер, өзара тату болуымыз керек. Ортаазиялық мемлекеттер, яғни дамушы мемлекеттер, ынтымақта өмір сүріп, сауда-саттықты бекітуі керек».

Журналист аймақтық қақтығыстардың себеп-салдарын тарқата келе, дипломатиялық бірліктің баламасыз екенін айтады:

«Ал біз оны комментарийде сынаймыз, мінейміз, аузымызға келгенін айтамыз.

Енді қараңыз, қайтадан Иранға келейік және Тоқаевтың инсайтын айтып берейін. Иран немесе сол аймақтағы Сирия, Ливия, бұрын талқыланған мемлекеттер – Израильге налады, анауға налады, мынауға налады дейді. Бірақ аймақтық мемлекеттер өзара бірігіп, дос болып, жұмысты жұмыла жүргізіп, сол мемлекеттердің күресуінің орнына керісінше бірігіп, дипломатиялық қарым-қатынас жасағанда, бәлкім, мұндай жағдай болмас па еді.

Бір ғана Иорданияны алайық. Иорданияның маңында қанша мемлекет тұр? Ливия тұр, Сирия тұр, Египет тұр, Израиль тұр. Бірақ Иордания аман тұр. Иә, біреулер қазір айтады: «Ол Израильмен достасты, бүйтті, сүйтті» деп. Жұрттың айтқаны не керек? Ең бастысы – Иорданияның президенті, яғни королі, өз елін аман сақтап отыр.

Қалай дегенмен де айтақтай бермейік. Қазір тағы біреу шығып: «Сен жау жақтап жатырсың, сен жақындапсың, сен қорқақсың» деуі мүмкін», - деді журналист. 

Сондай-ақ ол аймақтық саясаттағы тұрақтылық мәселесіне тоқталды:

«Тоқаевтың ойы – Орталық Азия мемлекеттері бірігуіміз керек, ынтымақтастықта өмір сүруіміз керек. Біз жұмылсақ, қауіп бізге келмейді деген секілді өте түсінікті нәрсе.

Және тағы бір қазір шулауы мүмкін пікір бар: «Жоқ, біз Израильге қарсы шығуымыз керек, біз Америкаға қарсы шығуымыз керек», – деп сөйлесеміз. Бір жаққа кетуіміз керек, біреумен достасып қалуымыз керек, біреумен бітуіміз керек деген секілді ұрандар. Таяу Шығыстағы мәселелер де осындай саясаттан шықты.

Яғни, біз кеше президентіміз АҚШ-қа барып, сауда жасадық, қандай да бір көмектер алдық делік. Енді қайтадан Қытаймен достассақ, сосын қайтадан Таяу Шығыс мемлекеттерімен «сізбен біргеміз» десек – міне, осындай көкейтесті, екіұшты саясаттан кейін елдің амандығы үшін, түбімізден замыран сөйлемеу үшін, осылай емін-еркін айтып отыру үшін нақты ұстаным керек.

Яғни, бұл жерде «Қырғызстан не болса, ол болсын, Өзбекстан не болса, ол болсын, тек Қазақстан аман болсын» деген болмайды. Достық – бір-бірімен байланыс орнату. Достықты кез келген уақытта бастауға болады, бірақ оны кез келген уақытта тоқтата салуға болмайды.

Сондықтан Тоқаевтың айтып отырған аймақтық ынтымақтастық, бірлік, ортақ жоспарлар, сауда-саттық, хаб орталықтарын құру керек деген дүниелерінің өзі нәтижелі әрі өміршең екенін Таяу Шығыстағы жағдайлар көрсетіп отыр», - деп қорытындылады Азамат Әбілқайыр. 

Журналистің пайымынша, геосаяси тұрақсыздық жағдайында ең бастысы – эмоцияға ермеу, көршілермен тұрақты байланыс орнату және ұзақмерзімді мүддені бірінші орынға қою.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove