Алтын дүрбелеңі: Қазақстан 2025 жылы алтын сатып алу бойынша әлемде екінші орынға шықты
Сағыныш Сардарова
unsplash
Алтын 2025 жылы ең табысты қорғаныс активі ретіндегі орнын нығайтты. Жыл басында бір трой унциясының бағасы шамамен 2,8 мың АҚШ доллары болса, кейін 5 мың доллардан асты. Нарықтағы мұндай серпінге геосаяси шиеленіс, АҚШ-та пайыз мөлшерлемесі төмендеуі және Қытай мен Үндістан тарапынан жоғары сұраныс әсер етті, деп хабарлайды Dalanews.kzfinprom.kz дерегіне сілтеп.
World Gold Council дерегінше, 2025 жылы алтынды ең көп сатып алған ел – Польша (102 тонна). Одан кейін Қазақстан (57 тонна) мен Әзербайжан (53,4 тонна) тұр. Бразилия мен Түркия да алғашқы бестікке енді.
Сонымен қатар, 2022-2024 жылдары Қазақстан 118,3 тонна алтын сатқан. Алайда 2025 жылы бағыт өзгеріп, ел қайтадан қор жинауға көшті. Кейінгі алты жылда алтынды ең көп сатып алған мемлекет - Қытай (358 тонна).
Қазір әлемдік орталық банктер қорында 36,5 мың тоннадан аса алтын бар. Қор көлемі бойынша АҚШ көш бастап тұр: 8,1 мың тонна. Қазақстан 341 тоннамен әлемде 16-орында.