Алматыда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Алматы облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Ата толғауы» атты салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты концертке байланысты Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы ұжымына және кеш қатысушыларына Құттықтау хат жолдады.
Концертте Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Филармония жеке орындаушылары, Алматы облысының өнерпаздары қатысты.
Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті мен өнері халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Концерттік бағдарлама аясында «Отырар сазы» оркестрі мен Алматы облысының өнерпаздары бір сахнада өнер көрсетіп, М. Маңғытаевтың, Е. Үсеновтің және Л. Хамидидің шығармаларын орындады. Сонымен қатар биыл туғанына 165 жыл толып отырған күй анасы Дина Нұрпейісованың мұрасы да ұлықталып, Баян Сәтқызының орындауында «Науысқы» күйі тартылды.
Кеште Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев Жамбылдың «Жиырма бес» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кешке Қырғыз Республикасының Халық әртісі Бақытбек Тілегенов бастаған өнерпаздар арнайы қатысып, қазақ пен қырғыздың тамырлас тарихын әсем әуенмен өрнектеді.
Филармония фойесінде Жамбыл музей-үйімен бірлескен көрме ашылып, келушілер жыр алыбының көзін көрген құнды экспонаттарды тамашалады.
