Шесхаристі жару үшін Киев Вашингтонның рұқсатын алған - DALA INSIDE

Dalanews.kz 02 нау. 2026 17:44

Новороссийск портындағы «ВПУ-2» бойынша инциденттен кейін, Киев Дональд Трамп әкімшілігіне КТК құбырының инфрақұрылымы зардап шекпейді деген гарантия берген, дейді DALA INSIDE дереккөзі. Енді СБУ-ның Қара теңіздегі Новороссийск бағытындағы соққыларының барлығы КТК инфрақұрылымына тимейтіндей етіп жасалуда. Және оның барлығын Сhevron алпауыты арқылы АҚШ тікелей бақылап отыр.

«Олар (СБУ) кеше «Шесхарис» мұнай құю терминалының КТК-ға қатысы жоқ инфрақұрылымын жарды. Және оны алдын-ала Вашингтонға ескерткен. Себебі Шевронның шағымынан кейін Киев тарапы Ақ үйден ультиматум алған болатын. Егер Шевронның Қазақстандағы бизнесіне нұқсан келетін болса, АҚШ Украинаға көзқарасын өзгертуі мүмкін деген сигнал берілді. Киев қазір Пентагон беріп отырған спутниктік барлау ақпаратына толық тәуелді. Президент Зеленский бірден өз қарулы күштеріне КТК-ға тиіспеуді бұйырған және ол бұйрық өз күшін сақтап тұр», - деп хабарлады дереккөз.

КТК-ның экспорттық қуатында өзгеріс жоқтығын Қазақстан тарапы да растады. Бүгін Қазақстанның Энергетика министрлігі дрондар шабуылынан кейін тұтанған өрт қазақстандық мұнай өндіруші кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштеріне әсер етпегенін мәлімдеді. Ол толық шындыққа жанасады.

«Қазақстан мұнайын өндіру мен экспорттау штаттық режимде жалғасып жатыр. Қазақстан мұнайын жеткізуге пайдаланылатын экспорттық инфрақұрылым жұмысына қатысты ешқандай іркіліс тіркелген жоқ. Энергетика министрлігі жағдайды инфрақұрылым операторларымен бірлесіп бақылауда ұстап отыр», — делінген хабарламада.

Кеше Новороссийск портын СБУ дрондары шабуылдап, Қара теңіздегі ең ірі мұнай аударып тиеу нысандарының бірі саналатын «Шесхарис» терминалы өртенді. Осы терминал Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай логистикасының негізгі тораптарының бірі саналады. Ал өткен жылдың соңында, Украина камикадзе катер арқылы нысаналы соққы жасап, КТК инфрақұрылымы тізбегіндегі соңғы және маңызды саты - үш ВПУ-дың бірін және ең қуатты, жұмыс жасап тұрған ВПУ-2 құрылғысын жарып жібергені есте. Содан кейін КТК-ның танкерлерге мұнай құю инфрақұрылымында тек екі ВПУ ғана қалды. Оның бірі, ВПУ-3 кішкентай және тоқтамай жұмыс істеген жағдайда жылына 36 миллион тонна ғана мұнайды танкерге құя алады.

Каспий құбыр консорциумы ВПУ-1 және ВПУ-2 құрылғыларын келесы жылы жаңартуды жоспарлап отырған. Бұл құрылғылардың бірі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Drydocks World Dubai кеме жөндеу зауытынан шығып, Қазақстанға бет алған болатын. Ал екіншісінде буйдың қондырмасының ішіне кабель төсеу және герметизациялау, люк қақпақтарын келтіру мен дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. Қазір біз алдырайын деп тұрған осы қондырғыларға абайсыздан Иран ракетасы тиіп кете ме деген қауіптер жоғары болып тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove