Басқосуды ашқан Амандық Баталов мемлекет қолдауының арқасында бірлескен жұмыстың нәтижесінде өткен жылы облыстағы қант қызылшасының жалпы жиыны 334 мың тонна болса, биылғы жылы 414,4 мың тонна өнім жинау межеленгенін айтты. Оған қоса өңдеу мәселесі де шешімін табуда.
– Соңғы үш жылда Көксу қант зауытын толық жаңғыртудан өткіздік, соның арқасында оның өңдеу қуаттылығы еселеп өсті. Қазіргі кезде Ақсу қант зауытында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аса маңызды да үлкен жұмыс. Жаңғыртудан өткен кәсіпорын 1 қазаннан жаңа құрылғыларымен өңдеу ісін бастайтын болады. Сонымен қатар облыста шаруаларды ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы тағы 7 сервистік-дайындау орталығын құрамыз. Сапалы тұқыммен қамту, жеңілдікпен жағармай беру сияқты қолдаулар жалғасын табады, – деді А. Баталов.
Облыс әкімі жиналған қант қызылшасы толық өңделуі тиіс екенін, өткізілген өнім үшін шаруа қожалықтарымен дер кезінде есептесу керектігін өңдеушілерге қарата нығырлай ескертті.
Мұнан соң көктемгі егіс науқанына дайындық барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндады. Баяндамадағы мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облыста 5 сервистік-дайындау орталықтары құрылып, 114 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Сондай-ақ қант қызылшасының 14 мың е.б. француздық және германиялық тұқымы алынды. Жалпы осы мақсаттарға облыс бюджетінен 1,5 млрд. теңге бағытталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Биылғы жылы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін 11,5 мың гектар сүдігер жер жыртылды. Қызылша себетін шаруашылықтардың берген тапсырыстарына сәйкес облыста қант қызылшасының 16775 е.б.тұқымы, соның ішінде 3480 е.б. мемлекеттік реестрге 2017 жылы енгізілген шіруге төзімді «Тиссерин» және «Игорь» жаңа гибридтік тұқым сатып алынған. Ал 7 СДО-ға келсек, олар Ақсу, Алакөл, Қаратал, Сарқан аудандары мен Қапшағай қалаларында құрылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінген. 132 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Қант қызылшасының 1 тоннасын сатып алу құны өткен жылғыдай 17 мың теңгені құрайды, оның 8 мың теңгесі зауыт арқылы, 9 мың теңгесі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидия түрінде төленеді.
Кездесу барысында Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов және Ақсу қант заутының директоры Мұрат Төлегенов сөз алып, кәсіпорындардағы жаңғырту жұмыстарының барысы жайлы айтып берді.
Қант қызылшасын өсіруші шаруалар өз кезегінде қолдау шаралары үшін, атап айтқанда, қант қызылшасын тастан тазалайтын арнайы техника сатып алуға, Шеңгелді ауылдық округі аумағында қызылша жинайтын алқап жасауға, осы ауданға қант қызылшасын тасымалдауға қосымша КАМАЗ сатып алуға қолдау білдіргені үшін облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді. Сонымен қатар Шеңгелді ауылдық округінде суару жүйесіне көңіл бөлу, насос стансасына жаңғырту жұмыстарының қажеттігі де сөз болды.
Облыс әкімі әрбір мәселенің жіті зерделеніп, қарастырылатынын, тиісті қолдаулар көрсетілетінін айтты. Әсіресе арнайы техникалар алу, суарумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда болмақ.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі