Журналистер үйінде өткен жүздесуді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс жүргізді.
Бұл кездесу де таптаурын сүрлеуге түспей, бірден тұщымды ойлармен өрілді. Жүргізуші, ақын Ерлан Жүніс шайырлардың шығармашылық жолынан сыр шерте отырып, оларды залға жиналған дүйім жұртқа таныстырды.
Жүргізуші алғашқы сауалын ақын Ғұсман Жандыбаевқа қойды. Оның сонау 1962 жылы махаббат тақырыбында жазылған жыр жолдарын оқып беріп, бұл өлеңнің шығу тарихы туралы айтуын сұрады.
Жүргізуші қойған сауалға орай ағамыз ақынның өлеңі – оның тағдыры, тағдыры ғана емес бүкіл жан дүниесінің бұлқынысы, жүрек соғысы, ішкі арпалысы екенін айтты.
Иә, Төлегенше толғасақ, ақын болу – «әрбір сыздаған жараның аузында болу» бүкіл адамзаттың мұңын, қайғысы мен қуанышын жүрек сүзгісінен өткізу. Мұқағалиша айтсақ «қара тастан да мейірім күтетін» ең жаны нәзік жаратылыс екені даусыз.
Келесі кезекте Жанарбек Әшімжанның өмір жолы туралы қысқаша шолу жасалып, ақынның өлеңі оқылды. Мұнан кейін сөз қонақтың өзіне берілді.
Өмір-жолы туралы қысқаша баяндап өткен Жанарбек Әшімжан мұндай шағын шаралар ұлттың көзін ашып, жаны мен жүрегін жібітетіндігін айтты. Осындай әдеби кешті ұйымдасырып отырған Тіл басқармасына шынайы алғысын білдірді. Жүрек тебірентерлік сөзден кейін туған ауылына арнаған «Жалаңаш» атты өлеңін оқыды.
Әдеби кештің келесі қонағы ақын Мақпал Мыса да сонау бала шағынан қысқаша баяндап, алғашқы қалам ұстауға себепкер болған жандар туралы айтып берді. Әдемі естеліктерден кейін жүрек тербер жыр жолдарын оқыды. «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған кеш болғандықтан туған жерге арнап жазған «Қайнар бұлақ басындағы қарағай» атты өлеңін тарту етті.
Әдебиет – ғылым емес. Бірақ, әдебиет ғылымда өмір сүрмесе, ғылымға енбесе, онда шығарма ұзаққа бармайды» депті білгірлердің бірі.
Әдеби кеш барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, профессор Сайлау Қожағұлов сөз алып, әдебиет турасында, кештің арнайы қонақтары, үш буын өкілі Ғұсман Жандыбаев, Жанарбек |Әшімжан және Мақпал Мысаның шығармашылығы туралы аз-кем айтып өтті.
Мұнан соң көпшілік қауым үш буын өкіліне өздерінің көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Бұл кеште де әдебиеттің кешегісі, бүгіні, ертеңі туралы сыр шертілді. Әр буын өкілі басынан кешкен қызықты оқиғалар туралы да баян етті.
«Әдебиетшілермен, журналистермен де бірге оқығаным жоқ. Мен математика факультетін бітірдім. Негізі, оқушы кезімде барлық мамандықтың иесі болғым келген, химия пәніне қызыққанымда химик болсам дедім, астрономияны оқығанымда астроном болғым келді. Әр пәнді өзімше жақсы көрдім.
Бесінші сыныпта оқып жүргенде «Жұлдыз» журналын оқып, сол кездегі ақын-жазушылар, сыншылардың бәрін осы басылымнан оқып, танып, бәрін жатқа білдім. Сондықтан, журналистика факультетіне оқуға түскенше, ғылым қусам деп математика факультетіне түстім» деген Ғұсман Жандыбаев сөз желісінде махаббат, отбасы туралы тақырыпта да ой өрімдерімен бөлісті. Ақын сөзінше, әйел сөйлеген тұста еркек керең болуы керек, еркек сөйлеген тұста әйел мылқау болуы тиіс. Сонда ғана отбасы тұрақтылығы сақталады.
Әдеби кеште ақындарға өлең өлкесіне қалай келгендігі туралы да сауал қойылды. Бұл тұста ой тербеген Ғұсман ағамыз: «Өлеңді алтыншы сыныптан бастап жаза бастадым. Мұғалім шығарма жазып кел деп үйге тапсырма берді. Шығарманы үш шумақ өлеңмен жазып келдім. Сол жылдан бастап өлең жазғыш бала атандым. Одан кейін жеті-сегіз өлеңім газетке жарияланды. Осылай өлең әлеміне аяқ бастым. Сегізінші сынып оқып жүрген тұстары күніне он шақты өлең жазатын едім.
Жоғарыда тілге тиек еткенімдей, менің әдебиеттегі мектебім «Жұлдыз» журналы болды. Осы журналды оқи отырып, әдебиеттегі жолымды ашуға мүмкіндік алдым. Кейін Алакөл аудандық газетінде ақын Сәкен Иманасов ағамыз екі өлеңімді жариялады. Осыдан кейін мені редакцияға жұмысқа шақырды. Қастек Баянбаев, Сәкен Иманасовтармен бірге жұмыс істей жүріп, сол кісілерден де көп дүниені үйрендім. Ал Алматыға келгенімде Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиевтің де жақсы бағасын алдым» дейді.
Осы тұрғыда ой өрбіткен ақын Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса да өлең өлкесіне келуі жайында тамаша естеліктерімен бөлісті.
«Қазақтың жаны қара өлеңде» деген ақын Мақпал Мыса поэзия жайында тұщымды әңгімелер айтып, өлеңге адалдық тұрғысында мазмұнды, мағыналы дүниелер қаузады.
Толғамды ой айтылған басқосуда ақын Ерлан Жүніс қаламгерлерге әртүрлі тақырыпта сауал қойды. Соның бірі: «Қазіргі қазақтың бойындағы қай мінезді біз қалдыруымыз тиіс және қай мінезді қайта оралтуымыз керек» деген сауалға орай ақын Жанарбек Әшімжан былайша ой түйді.
«Ең алдымен өтірік айтудан арылуымыз керек. Қазіргі таңда аға буын өкілдері, тұлғаларымыз көзді бақырайтып қойып, өтіріктің майын тамызып тұрып айтатын болды. Сонымен бірге жалпақшешейлік, жағымпаздық дейтін ауру, артымыздан қалмай келетін екіжүзділік деген тағы бар. Құрмет тұтудан да ада қалып барамыз. Бір-бірімізге деген, үлкенге, кішіге деген құрметтен айрылдық.... Қазақта «Өтірік айтып жағынғанша, шыныңды айтып жалын» деген бар ғой. Осыны естен шығармасақ екен», – деді Жанарбек ақын.
«Жанарбек ағамның сөзін жалғап күндестікті, көре алмаушылық қасиетін қосар едім. Бұл шынымен-ақ адам жанын жаралауға дайын тұрады, өткір пышақ секілді. Бірақ, осы нәрсенің бәрінен бізді биіктік деген өлшем құтқарады. Биіктік деген тағы сол – өлең дер ем... өсектен де, көзден де, сөзден де арашалап, аман алып қалатын өлең деп ойлаймын», - деп ой тербеген Мақпал қыз ары қарайғы ойын жыр оқып жеткізді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасына орай ұйымдастырылған бұл күнгі шара да көпшілік қауымды бір серпілтті.
Әдеби кеште шараның өткізілуіне ұйытқы болып келетін Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев сөз алып, әдебиеттің шамын жағып келетін қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі. Руханияттың бесігін тербетер осындай жүздесудің әр ай сайын жалғасын таба беретінін айтты.