Қандастарға арналған ережеге өзгеріс енгізілді

Қаракөз Амантай 22 қаз. 2024 10:05 3570

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды жұмыс күші көп аймақтардан "жұмыс күші тапшы" өңірлерге ерікті түрде көшіру мәселелерін реттеу саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге түзетулер пакетін әзірледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжат "Ашық заңды тұлғалар" порталында жарияланды.

Министрлік мәліметінше, түзетулер пакеті анықталған мәселелер мен Бас прокуратураның ұсынымдарын ескере отырып әзірленді.

Атап айтқанда, келесі өзгерістер қарастырылған:

  1. мансап орталықтар қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділік сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша мәліметтерді олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан, толық және мұқият қарау үшін мәміле объектісіне бару жолымен салыстырып тексеруді жүзеге асыруы;
  2. сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейту;
  3. қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағдайда экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тарту бойынша қосымша негізді бекіту;
  4. қоныс аударушылардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын алып тастауын қоздейді.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың наурыз айынан бастап кандидаттар мен қоныс аударушыларды өңірлік квотаға енгізу мәселесі  қаралып жатыр. Сондай-ақ ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету бойынша мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жоспарланып отыр.

"Осылайша, қызмет алушылар мен мансап орталықтарының қызметкерлері арасындағы байланыс алынып тасталады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Аталған мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру көшіруге қатысушылар мен еңбек ұтқырлығы орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты талдауды қамтамасыз етеді", – делінген хабарламада.

Министрлік хабарлауынша, бұл бұйрық жобасын қабылдау, теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеп соқпайды.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері республикаға басқа елдерден 1 миллион 140,7 мың этникалық қазақ оралған.

Қазақстанда елге Қытайдан көшіп келген мигранттар мен үміткерлер үшін қиын жағдайлар жиі туындайды. Көбінесе солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастар қиындыққа тап болатынын айтады. Қоныс аударушылар атап өткен факторлардың қатарында, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу және инфрақұрылымның дамымау мәселелері бар. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар