“Біреу менің атымды шығарайын деген шығар”. Жақып Асанов “Хутор” бандасымен байланысы туралы айтты

Қаракөз Амантай 18 қаз. 2024 09:32 158880

Сенатор, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, әлдекімдер оның есімін пайдалану арқылы жалған ақрапат таратуда. Ол “Хутор” бандасының басшысы деп күдікке ілінген атышулы Хасан Қасымбековпен туыстық байланысы бар деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

“Бұл ақпарат туралы бірінші күні-ақ естідім. Мен бұған қатысты пікір білдіруден бас тарттым. Өйткені мұның бәрі өтірік, жалған. Оны танымаймын, білмеймін, көрген емеспін. Талғарда бірде-бір туысым жоқ. Қазір әлеуметтік желіде жалған ақпарат көп. Оның бәріне сене беруге болмайды. Бірақ кім біледі? Біреу менің атымды шығарайын деген шығар. Мәселе тек менде емес. Жалпы өтірік нәрсе көп. Оның барлығы тергеу амалдарын жүргізуге кедергі жасайды”, – дейді сенатор Stan.kz агенттігіне берген жауабында.

Сондай-ақ ол Шерзат Болаттың жауыздықпен өлтірілуіне байланысты пікір білдірді. Оның сөзінше, ашық соттың болар-болмасын судья шешеді.

“Талғардағы өте қиын жағдай. Қиянаттың қиянаты. Жап-жас мектептегі баланы ересек бірнеше еркек жабылып ұрып, әке-шешесінің көзінше өлтіргені өте ауыр. Қазаның жеңілі жоқ дейді. Десе де бұл ауыр жағдай.

Прокуратура соттың ашық өтуін сұраймыз деп айтып қалды. Бірақ оны судья шешеді. Ол туралы менің айтқаным орынсыз болады. Өйткені оны сол іс бойынша төрағалық ететін судья шешеді”, – деді Жақып Асанов Stan.kz-ке.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Ал 15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар