Қалтаға кеткен қайырымдылық ақшалары: сарапшылар саланы тазартуды талап етуде

Кәмшат Тілеухан 05 там. 2025 10:40

Қазақстандықтардың қайырымдылыққа берген ақшасын алаяқтар иемденген бірнеше оқиғадан кейін қоғамда бұл салада тәртіп орнату мәселесі көтерілуде. Мұны Үкімет те, Мәжіліс депутаттары да жақсы түсініп отыр. Бұл ретте бірыңғай платформа құру идеясы да ортаға тасталып үлгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz Жетінші арнаға сілтеме жасап.

Жақында Перизат Қайратқа қатысты атышулы істен, іле-шала баласын емдетуге халықтан жиналған 1,3 млрд теңгені жеке қажетіне жұмсап қойған отбасы туралы ақпараттан кейін қараша қайырымдылық саласына мемлекеттік бақылау керегін айта бастады.

Қайырымдылық қорларының өкілдері мұндай жайттардың ел ішінде сенімсіздік тудырып жатқанын, расымен көмек қажет адамдарға ақша жинау қиындап кеткенін растайды.

Белгілі қоғам белсендісі, бала құқықтары жөніндегі экс-омбудсмен Аружан Саин мұндай алаяқтық әрекеттердің жиі кездесетінін айтады:

"Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Біз жаңа жобамызды бастаған кезде, адамдар келіп, "балам ауырады, ақша беріңіздерші" дейтін. Біз ондайда барлық дәлелдер мен құжаттарды сұраймыз. Баласының диагнозын растайтын құжаттарды көрсетуді талап еткенде көбісі ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Шынымен баласы ауыратын кейбір ата-аналар да қаржылай көмек сұрайды. Біз оларға "ақшаны өз қолдарыңызға бермейміз, тікелей клиникаға төлейміз" деген кезде де көпшілігі байланысын үзеді", – дейді Аружан Саин.

"Асар-Үме" қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев те кейінгі оқиғалар туралы пікір білдірді:

"Соңғы бір жылда елімізде болған жағдайлар халықты да, өз жұмысын адал атқаратын қорларды да қатты абдыратып тастады. Біз де осындай сынның астында қалдық. Мысалы, биыл қаңтар мен тамыз аралығында қорымыз 72 отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Ал былтыр дәл осы мерзімде бұл көрсеткіш 150 отбасы болған еді", – дейді Асхат Нұрмашев.

Заңгерлердің айтуынша, қайырымдылыққа ақша аударар алдында ұйымдардың сенімділігіне көз жеткізген жөн. Сенімді қорлардың мынандай негізгі белгілері болады:

  • ресми сайт пен әлеуметтік парақшаларының болуы,
  • қаржылық есептерінің,
  • құжаттарының және нақты фотоесептерінің тұрақты жарияланып отыруы.

Мәжіліс депутаты Динара Наумова қайырымдылық саласындағы алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрлық платформа енгізіп, заңнамалық өзгерістер жасауды ұсынады:

"Біз бұл саланы цифрландыру керек деп жатырмыз. Бірыңғай платформа құрып, сол жерде қайырымдылық қорлары мен қаражат жинайтын басқа да адамдар тіркеліп, жұмысының ашықтығын дәлелдеуі қажет. Заңнаманы депутаттармен бірлесе отырып жетілдіру керек. Мәжіліс пен Сенат депутаттарымен бірге осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылады", – дейді депутат Динара Наумова.

Айта кетсек,2025 жылы 15 шілдеде Үкіметте өткен арнайы баспасөз мәслихатында Премьер-министр Олжас Бектенов Перизат Қайрат ісіне қатысты пікір білдірген болатын. Үкімет басшысының сөзінше, бюджет ақшасынан бөлек, халықтан қайырымдылық үшін жиналған ақша да қолды болып кетіп жатыр. Ол мұндай келеңсіздіктерді тыю үшін ашықтық пен бақылау күшті болу қажет деп есептейді.  Үкімет басшысы осыған байланысты әріптестері тарапынан ұсыныс күтетінін де айтты.

Сондай-ақ 2025 жылы 24 шілдеде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қайырымдылық қорлары өзінің  жұмысы, халықтан жиналған қаражаттың жұмсалуы туралы БАҚ-қа есеп беруге міндеттелетінін айтты. Оның айтуынша, "Коммерациялық емес ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы" заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер биылғы жылдың бойында талқыланып, оның жобасы Парламентке 2026 жылдың басында ұсынылып қалады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ақша жинаған Biz birgemiz қорының төрағайымы Перизат Қайрат пен Ғани Алашбаеваға 2025 жылы 25 шілдеде сот үкімі шықты. Бірі 10 жылға, екіншісі 7 жылға сотталды. Сотта 46 жапа шегуші сөз алды.

Атырауда қайырымдылық жасаған болып, жұртты алдаған блогер сотта жауап беріп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар