Параноясы асқына бастаған Кремль көсемі көлеңкесінен үркетін жағдайға жеткен. Саясаттанушы Балери Солобейдің айтуынша, ел аумағында Путинге пана болатын бір емес, бірнеше бункер бар. Басқыншы елдің басшысы таулы-тасты, ойлы-қыратты аймақтарда жасырынғанды құп көреді-мыс.
Айталық, Украинаға басып кірген былтырғы жылдың ақпанында Мәскеуде қалуды қаламаған Путин Ресейдің Орал федералды округінде орналасқан бункерінде бой тасалаған. Украинаның барлау қызметі әзір осы ақпараттың анық-қанығын нақтылау үстінде.
«Ол (Путин, ред.) Алтай республикасына да жиі-жиі ат басын бұрып тұрады.
Таулы Алтайдың Қазақстан, Моңғолия және Қытаймен шектесетін шекарасында соңғы технологиялармен жабдықталған тағы бір бункері бар.
Мәскеуден 1500 шақырым қашықтықта, ит арқасы қиянда орналасқан бункер соғыс басталғалы Путиннің сүйікті мекеніне айналды», - дейді Солобей.
Бұған дейін Батыс басылымдарына сұхбат берген ФСБ-ның экс-қызметкері Кремль басшысы күзет қызметіне күдікпен қарайтынын айтқан.
"Ол алыс-жақын сапарларға асқан сақтықпен қарайды. Ат-көлікті жиі-жиі ауыстырады. Ұшаққа кірер мезетте кілт бұрылып, брондалған пойызға отырып кете беретін көзі көп. Оның қандай транспортпен келетінін кейде оққағарлары да білмей, дағдарып жатады. Мәселен, Қырым сапары кезінде қаладағы бір-бірінен алшақта орналасқан қос әуежай да Путиннің ұшағы келіп қонғанын жарыса хабарлады. Оққағарлар президенттің қай әуежайға қонғанын анықтай алмай, әуреге түскен", - дейді Виталий Бришачий.
Бұған дейін The Economist "Путин өзіне адал қызмет еткен оққағарларын үнемі көтермелеп отыруға тырысады" деп жазған. Басылымның хабарлағанындай 2016 жылдан күні бүгінге дейін Кремль көсемі күзет қызметінің төрт бірдей офицерін аймақ басшысы етіп тағайындаған.