Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Energy China International Group Co., LTD. Басқарма төрағасының орынбасары Сюэ Даньфэнмен кездесті. Тараптар елде және шетелде жүзеге асырылатын жаңартылатын көздерден энергия өндіруге негізделген жобалар және энергия саласында атқарылған жұмыстар бойынша пікір алмасты.
«Energy China International Group» компаниясы әлемдегі жасыл энергетика және төмен көміртекті энергетика саласында 20 бағытта әртараптандырылған қызмет көрсетеді және Қытайдағы жетекші халықаралық компаниялардың бірі болып саналады. Дүниежүзі бойынша 6 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Пәкістан, Вьетнам, Бразилия және өзге де мемлекеттермен жұмыс жүргізеді.
Түркістан облысында электроэнергетика саласына, жарық жүйелерін модернизациялауға, гидро, газ, электростансалар салуға ниетті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы «жасыл энергетиканы» дамытудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы жайлы атап өтіп, Қазақстандағы жаңартылған қуат көзін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүзесіп едік.
Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді пайдалана отырып, облысымызда зауыт-фабрикалар ашуға күш салдық.
Өздеріңіз ұсынған баламалы энергетиканы дамыту бағыты – біз үшін өте маңызды сала. Біз бұл бағытта Италияның «Eni» халықаралық энергетикалық компаниясымен жұмыс істеп келеміз. Сіздермен де бірлесе жұмыс атқарып, жаңа жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі шетелдік инвесторларды Түркістан облысының әлеуетімен таныстырып, бірқатар жобаларға тоқталды. Компания басшылығы өзінің озық тәжірибесіне сүйене отырып, осы салалардағы Түркістан өңірінде іске асырылып жатқан жобаларға қатысу ниеті туралы мәлімдеді. Осы орайда желден және күн сәулесінен жарық өндіру саласына 700 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын.
– Түркістан облысының болашақ жоспарлары бізді қызықтырады. Біздің елде мемлекет тікелей басқаратын 90 компания бар. Олардың ішінде біздің компаниямыз да бар. Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарда тұрған 500 ең ірі компанияның ішінде біз 256-шы орында тұрмыз. Яғни, энергетикалық жаңа технологиялар бойынша біз әлем бойынша алдыңғы қатардамыз. Энергетика саласындағы құрылыс жұмыстарын жасаймыз. Қытайдағы электр қуаты жүйелерінің 80%-ын біздің компания жүзеге асырған. Сондықтан осы саладағы тәжірибемізді Түркістан өңірінде жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Energy China International Group Co., LTD. Басқарма төрағасының орынбасары Сюэ Даньфэн.
Тараптар талқылаған жаңа жоба табиғатты қорғауға қосар үлесімен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер алып келмек.