Еуразиялық одаққа кіруден бас тартқан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың мәлімдемесін Кремльдің сөзін сөйлейтін сарапшылар сан-саққа жүгіртуде.
Саясаттанушы Никита Медкович Өзбекстанның Еуразиялық одаққа қосылуына АҚШ кедергі келтірді деп есептейді.
"Помпео? Американың осы бір шенеунігі шантаж жасап кетті. Ташкент осы одаққа қосылар болса сазайын тартарын сыпайылап жеткізді. "Өзбекстан бұл одақты сырттай бақыласа да жеткілікті және "Дүниежүзілік сауда ұйымы" туралы ойлағаны жөн" деді Помпео.
Көрдіңіздер ме? Қандай әккі, қандай қу. Турасын айтқанда егер Ташкент Еуразиялық одаққа қосылып, Ресеймен байланыс орнатар болса Өзбекстанның ДСҰ-ға өтуі қиындайды дегенді ескертті", – дейді қаны басына шапқан ресейлік сарапшы.
Айтуынша АҚШ Орта Азиядағы әр мемлекетпен жеке-жеке байланыс орнатпақ. Бұл Ресейдің мүддесіне қайшы.
Медкович Помпеоның Қазақстанға сапарынан да сезіктеніп отыр.
"Осы арқылы Қазақстан мен Қытайдың арасындағы бизнес әріптестікті әлсіретіп, назарын өзіне бұрмақ. Бизнесте бізбен байланыс орнатсаңдар, ұтылмайсыңдар дегенді астарлап айтып кетті.
Қытайдағы "қайта түзеу" лагерьлерінен қашып шығып жатқан босқындарды құшақ жая қарсы алғандарың дұрыс деп Қазақстан билігінің құлағына құйып кетті. Вашингтонның пиғылы жаман. Осы арқылы Қазақстанда Қытай жан-тәнімен жек көретін қауымдастық қалыптастырмақ. Көр де тұрыңыз кейін АҚШ осы топты өз мүддесіне қарай пайдаланатын болады", – дейді саясаттанушы.
Айтуынша АҚШ-тың түпкі мақсаты Орта Азия елдерін Қытайға қарсы қою.
"Сіздер білмейсіздер, мына мен білем. Помпеоның сапарында әскери әріптестік мәселесі де көтерілді. Ресми жиында сөз болмағанмен, бейресми отырыста айтылғаны анық. Вашингтон Қазақстан және Өзбекстанмен Ауғанстандағы ахуалды сылтауратып әскери әріптестік орнатуға құлшынып тұр. Америка Орта Азияда орналасатын әскери базалар ауадай қажет. Олардың соңғы әскери нысаны бұған Қырғызстанда орналасты. Бұл база 2014 жылы жабылып, АҚШ әскерлері еліне оралуға мәжбүр болды", – дейді Медкович.