Мұндай жерде міндетті түрде жергілікті халықпен өзге ұлттардың арасында кикілжің, текетірестер болып тұрады. Айталық, бұған дейін болған, қазақпен тәжік, қазақпен шешен, қазақпен күрд, қазақпен ұйғыр арасындағы дүрбелеңдерді еске алсақта жеткілікті.
Қайтпек керек? Демек, мұндай анклавтарды бөлшектеп, ондағы тұрғындарды – диаспораларды қазақы ауылдарға аз-аздан орналастыру керек. Бір сөзбен айтқанда қазақы ортаға сіңіру, жұтылдырған жөн. Осылайша ғана ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуға болады.
Бұл мәселе жөнінде билік жақсылап ойлануы тиіс. Бұған дейін қазақпен жағаласып қалған күрддің де, ұйғырдың да, дүнгеннің де артында тіреп тұрған мемлекеті жоқ.
Әгәрәки, Түркістан облысында қазақпен өзбек Масаншыдағы талай адамның өліміне алып келген жағдайды бастан өткеретін болса не болмақ?
Ол жерде тұрып жатқан өзбектің артында Өзбекстан тұр.
Демек Қазақстанмен Өзбекстан арасына сына қағылады. Араздасады, жауласады. Бұл керек пе? Жоқ.
Демек, ресми Нұр-Сұлтан еліміздегі ұлтаралық саясатты қайта екшеп, безбенге салып, өзгерістер жасауға тиіс. Өйткені Масаншыда болған соңғы оқиға соны қажет етеді.
Тағы бір ескеретін мәселе, ол – Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі ұлтпен ұлт арасындағы достықты, ынтымақты, бірлікті неге қамтамассыз етуге қауқарсыз.
Сонда бұл ассамблеяның миссиясы не? Әр ұлтқа ән айтқызып, би билетіп, дастархан жайдыртып, байқаулар ұйымдастырғаннан басқа шаруасы жоқ па? Ұлтаралық дүмпулерді реттеуге құлықсыз болса, онда қажеті қанша? Не үшін ұстап отырмыз? Бұлда ойланатын мәселе.
Дегенмен еліміздегі осындай ара-тұра болып тұратын ұлтаралық қақтығыстардың негізгі өзегі қайда жатыр? Меніңше, қазақты биліктің өзі мойындамайды, менсінбейді, теперіш көрсетеді. Билік өз ана тілінде сөйлемейді. Қазақ тілі олар үшін екінші сорттағы тіл.
Ал мұны көрген өзге ұлт не істемейді. Балақтағы бит басқа шықтының кере болады.
Қазақты көкірегінен итереді. Өктемдік жасайды. Олардың ойында: «бізге не істейсіңдер, қолдарыңнан не келеді? Биліктің өзі сендерді адам құрлы көрмей тұрғанда» деген астамшылдық пиғыл тұрады. Және солай болып та жатыр. Мұндайда атам қазақ «жаман үйді қонағы билейді» дейді. Ал қазақты мұндай мүсәпір күйінен арылту үшін билік не істеуі керек?
Бірінші, «біз көп ұлтты мемлекетпіз» деген әңгімені тоқтату. Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол қазақ дегенге басымдық беру. Кемсітуге жол бермеу. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Оны білу үшін қажет болса, тізеге сала отырып, міндеттеу.
Екінші, әр ұлтқа жеке-жеке мектеп, театр ашып беріп, «тіліңді, дініңді, мәдениетіңді, ұмытпа, өркендет» деп, оларды көкіректен итеріп, қазақтан алыстату саясатын доғару қажет. Өйткені өз тілінде мектебі, театры, мәдени ошақтары бар ұлт, қазақтың қолтығына кіріп, тонның ішкі бауындай араласып кетпейді. Ортада бір буфер тұрады.
Үшінші, бір мектеп (қазақ мектебі), бір тіл (қазақ тілі) және «Бір ғана қазақ» бағдарламасын мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру. Бұл дегеніміз, өзге тілдегі мектептерді қысқартып, түптің-түбінде елімізде тұратын барлық ұлттың баласын бір мектепте яғни қазақ мектебінде оқыту.
Қазақ мектебінде оқыған бала, бір тілді яғни қазақы тілді болып шығады. Ал қазақ мектебінде оқып, қазақ тілінде сөйлеп, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін біліп өскен өзге ұлттың баласы ешбір мәжбүрлеусіз қазақы ортаға сіңіп, тонның ішкі бауындай араласып кетеді.
Осылайша біз өзге ұлтарды сіңіріп, «бір қазақ» ұлтын жасай алмақпыз. Егерде осыған қол жеткізсек, ел ішінде ешқандай ұлтаралық қақтығыстарға жол бермейтініміз белгілі.
Алайда, тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейін жүргізіп келген, жалған «интернационалистік», «толеранттық», өзге ұлтарды «әлпештеп», өз ұлтымызды төмендетіп келген жалтақ саясатты жүргізе беретін болсақ, түбі оңбаймыз.
Демек бүгінгі билік, Масаншыдағыдай қан төгілетін қақтығыстардың алдын аламыз десе, ішкі ұлтаралық саясатты қайта қарап, түбегейлі өзгерістер жасауы керек.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.