Астана күні мерекесі кезінде туған жеріміз жазиралы Жәркент өңіріндегі Әулиеағаш ауылына барып қайттық. Іргедегі көршіміз Қасымның тозығы жеткен тоқал тамы жарқыраған қаңылтырмен шатырланыпты. Түскі шай үстінде Қасымның үйіне жасалған жөндеу жұмыстары сөз болды.
Көршіміз Қасым, көрші-қолаңның қолдағы азын-аулық малын бағып, отбасын асырушы еді. Биыл денсаулығы болмай, мал да баға алмай қалыпты. Отағасының жұмысқа жармасыз болып қалғаннан кейін жағдайларының да күрт төмендеп кетіпті. Балалары болса жас.
«Сойыл тисе, сормаңдайға тиеді» демекші, таяуда ауылымызда нөсер жауып жауып, Қасымның ескі тоқал тамының төбесінен су сорғалап, қамыс пен қара лайдан жасалған ескі үйдің төбесі опырылып ортасына түсіпті. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген.
Қасым көршіміз тумысынан жуас жан болғандықтан «осындай жағдайға тап болдым» деп ағайын-туыс пен ауыл әкімін де мазаламаған. Бірақ сол жақтағы көршіміз Шолпан апаймыз бұл істі елеусіз қалдырмапты. Ол тоқал тамның төбесі опырылып ортасына түскеніне бірнеше күн өтсе де ешкімге жағдайын айтып, шағымданбаған Қасымның үйіне көршілерді жинап, ауыл әкімінің атына Қасымның отбасына қандайда бір... көмек көрсету турасында өтініш жазып, оған көрші-қолаң тегіс қол қойыпты.
Содан Шолпан апайымыз ауыл әкіміне хатты апарып, Қасымның басындағы жағдайды баяндап, көмек көрсетуін өтінген. Қолы қысқа ауыл әкімі табан астында қандай көмек бере қойсын. Үй салып беретін қаражаты жоқ. Содан:
– Өздеріңіз бірдеңе қылыңыздар, біздің көмек қолын созатындай ешқандай мүмкіндігіміз жоқ, – деп әкім шарасыздық танытқан ғой. Ауыл әкімінен қайыр болмайтынын білгеннен кейін Шолпан апаймыз көрші-қолаңды жинап, 500-1000 теңгеден жинап, Қасымның үйін жөндеу турасында ұсын айтыпты.
Қалада тұратын халық үшін 500-1000 теңге соншалықты көп ақша болып көрінбеуі мүмкін. Ал ауыл халқы үшін бұл әжептәуір ақша. Содан не керек көршілер шамалары жеткенше ақша жинап, біраз заттарды сатып алады. Сол аралықта Алматыдан ауылға қыдырып келген Қасымның інісі Еділ Жаркенттен қаңылтырды сатып әкеліп, Қасмының үйін жөндеуді бастап кетеді.
Ауылмыздағы биржаның адамдары (жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар) жиналып, бір күннің ішінде ұсқыны қашқан тоқал тамды жамап, жасқап ретке келтіріпті.
Осы бір жағдайды естігенде айналамыздағы баяғы көршілеріме қатты риза болдым. Алда-жалда ауылымызда әкім сайлауы өткіп жатса, сол жақ қапталдағы көршіміз Шолпан апайымызды әкімдікке үміткер ретінде ұсынғым да келіп кетті.
Иә, әр ауылға осындай жұртты ортақ іске бағыттайтын адам керек қой. Ал қазіргі әкімдердің көпшілігі «бірдеңе қылыңдар» деп шарасыздық танытудан әріге аспайды. Бізге таяққа тал жалғап, қиындықтан шығуға күш салатын әкім керек.
P.S. Суртте көргендеріңіздей көршім Қасымның үйі толықтай жөнделіп кетті деп айтуға келмейді. Өткенде Пафилов ауданында су тасып біраз үй зардап шеккене-ді. Сол кездегі нөсер жауынның кесірінен Қасымның үйі де қатты бүлінді. Жоғарыда айтқандай көршімнің денсаулығы болмағандықтан, әкімдікке өтініш айтып, заңды көмек алуға мүмкіндігі жоқ. Панфилов ауданы әкімі Бердәулет Абдулдаев Әулиеағаш ауылының әкімінен қажетті ақпарттарды алып, қиын жағдайға тап болған ауыл тұрғынына көмек қолын созады деп үміттенеміз.
Нұрлан ЖҰМАХАН