Университетте қазақ тілін білмейтін мұғалімдер өздері жасауға тиісті қазақ тіліндегі қағаздарды қазақ тілді мұғалімдерге жасап беруін өтініп жүретінін көзіміз күнде көріп жүр. Тіпті кейбір орыстілді ұстаздар орысша жазылған оқулықтарын өзінің студенттеріне аудартып жатады. Одан қандай сапалы оқулық шығады. Тапсырманы, міндетті орындаудың мұндай сорақы түрі тек біздің елде ғана бар шығар... Ал жеке кәсіп орындарында ше?
Кеше телефон нөмірімді қайта қалпына келтіру үшін Activ орталығына барғанмын. Талондағы нөмірім арқылы шақырған терезеге барып, не жұмыспен келгенімді қазақ тілінде айта бастап едім, менеджер "орыс тілінде айтуыңызға бола ма?" деп сұрады. Мен жоқ деп жауап беріп едім, күте тұрыңыз деп жүгіріп кетті. Бір уақытта келіп мені басқа терезедегі қазақ жігітке ертіп барды. Қазақ жігіт менің жұмысымды жасап жатқанда, ол жігіт қабылдауға тиісті адам келіп маған ренжіді. Міне, қазақ тілін білмейтін қызметкер менің уақытымды зая етті осылай. Өз жұмысын өзге әріптесіне жасатты. Тағы бір тұтынушысын күттіріп қойды. Демек, қазақ тілін білмейтін қызметкер кәсіп орынның өзі істемеген жұмысына еңбекақы алады, сонымен бірге жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Ендеше, кез келген кәсіп иесі өз жұмыс өнімділігін арттырам десе, қызметкерінен қазақ тілін білуді талап етуі керек. Өйткені, елімізде қазақ тіліне сұраныс күн санап артуда. Қандай да бір жұмыста қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін азаматтардың саны көбеймесе, азаймайды. Осыны әрбір жұмыс беруші тарап жақсы түсінетін кезі келді.
Жеке меншік кәсіп орындарға, әрине, табыс керек. Өз табысы үшін қызметкерінен мемекеттік тілді талап етер күні алыс емес. Оларға артық шығын ешқашан керек емес. Жоғарыда мұғалімдер туралы айттым. Мұғалімдерден ректор, проректорлар талап ете ала ма? Әрине, жоқ. Өйткені олардың өздерінің қазақ тілін білетіні шамалы. Олардан мемлекет мемлекеттік тілді білуді талап етіп жатпаған соң, олар да өз қызметкерлерінен талап етпейді. Проректор, ректорлар мемлекеттің қызметкері. Ал қазақ тілін білмейтін қызметкер жоғарыдағыдай өз міндетін толық атқармайды деген сөз. Мемлекет өзіне толық қанды жұмыс жасамайтын қызметкеріне артық жалақы бермеу үшін, өз қызметкерлерінен мемлекеттік тілді білуін талап етуі керек. Жеке кәсіп орындар сияқты, мемлекет те өз жұмыс өнімділігін арттыруды ойлайтын кезі келді.
Тұрдыбек Құрметхан