Отбасы – қоғамның негізі: шаңырақ құндылықтарын нығайтудың маңызды неде?

Dalanews 09 қаз. 2023 02:17 2472

Отбасы және отбасылық құндылықтар - кез келген адамның өмірін құрайтын ең маңызды іргетас. Тұлғаның қалыптасуы да отбасыдан басталады, ал отбасылық құндылықтар тұтас табиғаттың үйлесімді дамуы үшін қажетті дағдыларды қалыптастырады. Балалардың мінез-құлқы отбасында болып жатқан оқиғалардың симптомы десек, қателесе қоймаймыз.

«Дағдарыс орталықтары одағының» басқарма төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша, ең алдымен отбасылық құндылықтар ұғымына анықтама беріп алуымыз керек. Бұл дегеніміз – көбінесе әр отбасында әртүрлі түсіндірілетін дәстүрлерді білдіреді.

– Менің ойымша, тек отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлер туралы айтатын болсақ, онда ең алдымен ата-ана өзін-өзі тәрбиелеуі тиіс. Олар отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға дұрыс мән бере алатындай деңгейге жеткені дұрыс. Яғни, жақындары алдындағы жауапкершілік деңгейі. Бұған қиын кезде қолдау көрсету және ең бастысы қандай ахуалда да бір команда болу кіреді. Негізі, бұл дүние қазақ ұлтында ғасырлар бойы жүйеленіп, қалыптасып қойған, алайда соңғы жылдары біз оны бұзып алдық.

Мәселен, біздің көпшілігіміздің ата-аналарымыз алғашқы үйлерін Асар дәстүрімен салған. Бір топ туыстарымыздың қолғабыс етуге келіп, кірпіш қалағаны, қабырғаны сылағаны, тағы біреулердің терезесін қағып, есігін қойғаны сол уақытты көргендердің есінен кете қоймаған болар. Осындай тату-тәтті бірліктің нәтижесінде үйіміз жаздың екі-ақ айында салынып біткен. Бұл отбасылық құндылықтардың салмағын, пайдасын көрсетеді. Отбасы мүшелері арасындағы байланыстың мығымдығын айғақтайды. Міне, отбасы құндылықтары, – деп атап өтті Зульфия Байсақова.

Оның айтуынша, бала үйде осы іспетті құндылықтарды қабылдап, оны бойына сіңіру үшін алдымен оған үлгі бола білуіміз керек. Егер ата-ананың өзі отбасы құндылықтарын бөліспесе, өскелең ұрпақ мұны қайдан сезініп, қалай үлгі алады? Демек, отбасы құндылықтарында ең бастысы – барлық отбасы мүшелерін біріктіру, оларды өмірдегі кез келген қиыншылыққа дайын болатын ұжымға айналдыру.

Сондықтан отбасы мұрасын қорғау, балаға белгілі бір рөлді атқаруға мүмкіндік бере отырып, оған көбірек көңіл бөлу керек. Осылайша біз кішкентай адамға өзін үлкен нәрсенің бір бөлігі ретінде сезіндіреміз.

– Отбасылық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар – салауатты атмосферасы бар отбасының маңызды белгісі болып саналады. Сонымен қатар, бұл адамның келесі ұрпаққа отбасылық өзара әрекеттесу заңдылықтарын: отбасы өмірінің барлық салаларындағы рөлдерді бөлуін беретін өзіндік құралы, ережесі деуге де болады, деп атап өтті маман.

Дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрағасы айтқандай, бүгінде салт-дәстүр туралы әңгімелегенде, оны әркім өз қалауынша түсіндіреді, кейде, тіпті өзінің икеміне қарай айта береді.

– Мәселен, әйел құқығын қорғайтын адам ретінде жаңа шаңыраққа келген жас келін туралы айтсам, ол алдымен сол отбасының ата-анасынан бастап, бәріне белінен иіліп, сәлем салады. Осындай беташар дәстүрі маған қай кезде де қатты әсер етеді. Күйеуі мен туыстарынан бастап, кәмелетке толмаған балалармен,  нағашы-жиендермен, күйеу жігіттің ағаларымен жалғасатын сәлем салу ақыры бүкіл ауыл тұрғындарына иілумен аяқталады. Олардың бәрі арнайы банкіге ақша салады, кім қанша салды деген мәселе тағы бар. Менің ойымша, бұл – дұрыс түсіндірілмеген әдет-ғұрып. Беташар рәсімі жаңа отбасынан шыққан сыйлы адамдарға қыздың жүзін көрсетуді, сол арқылы олардың әулетінің салт-дәстүрін жалғастыруды білдіреді. Тағзым ету арқылы қыз өзі кіретін отбасына деген құрметін білдіреді, бірақ бұл кем дегенде 25 мәрте иілу деген сөз емес қой, – деп түсіндірді Зульфия Байсақова.


Сонымен бірге, отбасылық дәстүрлер мен құндылықтар ежелден осы отбасының жеке және бірегей кодына негізделген. Мәселен, ол әулеттің арғы аталары шебер болса, өндірістің кейбір құпиялары немесе зергерлік бұйымдар жасалған металдың құрамы, мұның бәрі осы отбасында сақталады және ешқайда кетпейді. Ал отбасында әркім бір-біріне жауапты болды. Зүлфия Байсақова мұның да бұрын бір шаңырақта бірнеше ұрпақ өмір сүруінің арқасында мүмкін болғанын, бұл отбасы мүшелерінің тәжірибесі мен өнерін үлкендерден үйренуге мүмкіндік бергенін баса айтты.

– Бүгінгі жағдай сәл басқаша, менің ойымша, құндылықтар жоғалып кеткен сияқты. Отбасы мүшелері дәрігер немесе шебер болса, оларды еңбектері үшін құрметтейтін. Еңбек адамы қай кезде де алдыңғы қатарда жүрген, – деді сарапшы.

Өз кезегінде әлеуметтанушылар қазіргі қоғамда ұрпақтар арасындағы сабақтастық әлсіреп бара жатқанын атап өтеді. Бұл ең алдымен ақпараттық технологияның қуатты дамуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл аға буын мен жас ұрпақтың дәстүрлі қарым-қатынас мәдениетін өзгертуде, олар бір-бірімен сирек араласады, ақылдаспайды, сөйлеспейді. Міне, қазіргі таңда осындай құндылықтарды, оның ішінде отбасылық құндылықтарды қайта бағалау жолдарын қарастыру қажет.

– Әрине, бұл, бір жағынан, балалар мен ата-аналардың жеке ісі, екінші жағынан, мемлекет мұндай процестерге назар аудармауы мүмкін. Біз жалпы қамқоршылықты айтпағанда, отбасын қолдау және нығайту, отбасылық қарым-қатынастың лайықты үлгілерін насихаттау шараларын мықтап қолға алуға тиіспіз. Ал мемлекеттің рөлі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жақсарту үшін икемді жағдай жасауға негізделуі керек, себебі отбасы – қоғамды тұрақтандырушы. Егер адам баспанамен, жұмыспен және қауіпсіз отбасымен қамтамасыз етілсе, осы үш фактор арқылы әрбір отбасының жағдайын анықтауға болады, – дейді сала маманы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінің бірінде отбасы – елдің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін атап өткен болатын. Бүгінде мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау шараларына басымдық берілуде. Мәселен, 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды. Отбасын нығайту және қорғау, отбасылардың физикалық, интеллектуалдық, рухани және адамгершілік дамуына қолайлы жағдай жасау: көп балалы, аз қамтылған, мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау; тұрғын үй мәселесін шешу; атаулы әлеуметтік көмек; білім беру және денсаулық сақтау саласындағы реформаларды жетілдіру шаралары үнемі назарда.

Зүлфия Байсақованың айтуынша, консультациялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсететін Отбасын қолдау орталықтарын дамытуға да күш салу қажет. «Мұндай орталықтар отбасылардың бекуінде маңызды рөл атқарады, отбасылық жанжалдарды шешуге және балалы әйелдерді уақытша орналастыруға көмектесуге ықпал етеді. Мұндай ұйымдар қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және басқа да көмек көрсетеді», – деді ол.


Отбасылық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту мемлекеттің ұзақ мерзімді және келешегі зор басымдығы екенін атап өткен жөн. Мысалы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы отбасылық құндылықтарды дәріптеуде және бақытты қазақ отбасының оң имиджін қалыптастыруда нәтижесін көрсетіп жатыр. Жоба 2013 жылы Қазақстанда қолға алынды және адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, институтты нығайтуға, отбасылық және рухани-адамгершілік нормаларды қалыптастыруға, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың бала тәрбиесі мен отбасының мәртебесін көтерудегі жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ оларға қамқорлық жасауға бағытталған. Жыл сайын байқауға Қазақстанның жүздеген үлгілі шаңырақтары қатысып, қомақты сыйақыларға ие болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев байқаудың маңыздылығын да атап өткен. Оның айтуынша, жыл сайынғы байқаудың арқасында бүкіл ел келісім, ынтымақ, өзара қолдау атмосферасы орнаған отбасылар туралы білетін болады. Ал мұндай отбасылар елімізде өте көп. «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін ерекше қастерлеген. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету – ұлттық мәдени кодымыздың бір бөлігі. Тұлғаның биік адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыруда отбасы басты рөл атқарады. Ата-ана мен ата-әжелер балаларды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке, білімге деген құштарлыққа тәрбиелейді», –деді Мемлекет басшысы.

Айтпақшы, отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы институтын нығайту, сондай-ақ Қазақстанда әке институтын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті екі жаңа заң жобасын енгізуді ұсынды. Қазақстандағы мерекелер: Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі және Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісіне белгіленді. Бұл шара да аталған бағыттағы шаруаларды жандандыра түседі деген үміт бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар