Air Astana-ны жел шайқап жатыр: Британдар компаниядағы үлесін шұғыл сатуға қойды...

Dalanews 20 мау. 2023 02:44 1115

Air Astana-ның 49 пайыз пакетіне иелік ететін британдық BAE Systems өз үлесін апыл-ғұпыл сатуға шығарыпты. Мұндай шұғыл шешім қабылдауға не түрткі болды? Dala Inside арнасы мұның түбіріне үңілуге тырысыпты.

Отандық әуе кеңістігін «отарлап» алған монополист соңғы кезде Смайылов Үкіметінен жиі сөз естіп жүр. Оған орынды аргумент бар. Компанияның баға саясаты мен бизнес моделі жұрттың жынына тиіп бітті.

Жолаушының шағымын ескермейтіні, рейстерді себепсіз шегеретіні, оны түсіндіріп жатуды жөн санамайтыны, былайша айтқанда «ескі Қазақстанның» өлшемімен өмір сүретіні Air Astana-ның репутациясына оңдыртпай сызат түсірді.

Жолаушыға жарымай, жұтап жүрсе бір жөн. 49 пайызына британдар, 51 пайызына «Самұрық Қазына» иелік ететін «Айыр астана» (тілге жеңіл) былтыр күреп табыс тапқан. Түсім 78 млн $-дан асып жығылды. Пассажирлер потогы 11-ға артып, 7,4 млн адамды құраған.


Компаниядағы билет бағасы «құтырып» тұр. Смайыловтың сөзімен айтқанда, Air Astana-ның күйттегені ақша, ақша және ақша, өзгесіне бас қатырмайды. Ақша демекші, күні кеше компанияға 15 млн $ штраф салынды (себебін ілгеріде айттық).

«Айыр Астананың» аталасы FlyArystan-ның билеттері де удай. Сервисі де сын көтермейді. Тоқ етерін айтқанда, отандық әуетасымалында шынайы бәсекенің жоқтығынан монополистің білгенін істеп, алшаң басуына жол ашып бердік.

Әріптесіміз, Денис Кривошеевтің айтуынша Алматы мен Астананың арасындағы билет құны 107 доллар. Бұл Мәскеу мен Петебор арасындағы рейстің құнынан 5 есе қымбат!


Аталған факторлар британдық BAE Systems-ке ой салған болуы мүмкін. Репутациясына сақ қарайтын ағылшындар Air Astana-мен байланысты тәуекелдерден күн бұрын құтылғанды жөн санаса керек.

Смайылов Үкіметі пен әуе компаниясының арасындағы айқастың финалы қызық болғалы тұр.

Dala Inside арнасына жеткен мәлімет бойынша Үкімет отандық әуе нарығын либерализация жасауға оқталуда. Ішкі нарықта жолаушы тасымалдайтын 7 компанияның қарамағындағы 75 ұшақ жеткіліксіз.

Қазақстан аспанын шетелдік әуе компанияларына айқара ашсақ, Air Astana-ның үстемдігі де келмеске кетеді. Баға арзандайды. Клиент үшін күрес басталады.

Мұндайда инвесттабыстың да айтарлықтай төмендері шүбәсіз. Британдар мұны сіз бен бізден артық біліп отыр. Турбулентті зонаға тап болған компанияның 49 пайызын кім алар екен?..


Әлбетте, Смайылов Үкіметінің сапында «Айыр Астананы» қорғаштап отырған лобби бары анық. Олар билет бағасының шарықтауын жанармай бағасы, ұшақтың лизингі (арендасы) және валюта нарығындағы хаостан көреді.

Ал, жолаушының жайын кім ойлайды? Сіз бен біз қолжетімді билет пен сапалы сервиске лайық емеспіз бе?..

Бұл туралы әлі де айтамыз. Арнамызға тіркеліп алыңыз?

https://t.me/dalainside

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар