Өскеменде тағы бір мерзімді әскери қызметші қаза тапты

Сағыныш Сардарова 25 қаң. 2026 13:54

Өскеменде тағы бір мерзімді әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Құрлық әскері баспасөз қызметі мәлімдеді.

"23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды. Әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған", - деп жазылған хабарламада.

Бұл дерек бойынша ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғаған.

"Соталды тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", - деп жазылған хабарламада.

Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен комиссия жұмыс істеп жатыр.

"Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер басшылығы марқұмның туған-туыстары, жақындарына көңіл айтады. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық көмек көрсетіледі", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, жуырда Ақтауда әскери қызметші көз жұмды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove