Сенбіге қараған түні Түркияның Ыстамбұл қаласында жер сілкінісі сезілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дүмпу қаланың батыс бөлігінде бірнеше секунд бойы байқалған. Сондай-ақ, мобильді қосымша тұрғындарға шамамен жарты минут бұрын ескерткен.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы - 5,2 балл. Кандилли обсерваториясының хабарлауынша, жер сілкінісінің эпицентрі Балыкесир провинциясындағы Сындыргы қаласы маңында орналасқан, ал ошағы 11 шақырым тереңдікте.
Табиғи апаттардың салдарын жою басқармасының (AFAD) мамандары жер сілкінісінің магнитудасын 5,1 деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылғы тамызда Сындыргы қаласы маңында магнитудасы 6,1 балл болатын жер сілкінісі тіркелген еді. Ол кезде бір ғимарат қирап, төрт адам зардап шеккен.
