Қазақстандық бюджеттік әуе тасымалдаушы FlyArystan Грузияға қатынайтын рейстерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл бағытқа ұшу уақытша тоқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Компанияның мәліметінше, Қазақстан астанасынан Грузияның көне қалаларының бірі – Кутаисиге бағытталған әуе рейстері уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда, Астана – Кутаиси бағыты бойынша ұшулар 2026 жылдың 1 ақпанынан 15 наурызына дейін орындалмайды.
FlyArystan баспасөз қызметі бұл шешім рейстер бағдарламасын оңтайландыру аясында қабылданғанын атап өтті.
– «Астана – Кутаиси бағыты бойынша рейстер 2026 жылдың 1 ақпанынан 15 наурызына дейін уақытша тоқтатылады. Ал 16 наурыздан бастап аталған бағыттағы әуе қатынасы қайта жанданады», – делінген ресми хабарламада.
Осылайша, жолаушылар 2026 жылдың наурыз айының ортасынан бастап Кутаисиге қайтадан тікелей рейстермен ұша алады. FlyArystan әуе компаниясы билет сатып алған жолаушыларға қатысты барлық өзгерістер жөнінде қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.
