Ақтауда әскери қызметші көз жұмды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құрлық әскерінің баспасөз қызметі мәліметінше, 14 қаңтарда бөлімше Ақтау гарнизонының Оймашы әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде жол апаты болған. Қараңғы түскен уақытта көктайғақ салдарынан КамАЗ көлігі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын кіші сержант Г. есімді әскери қызметшіні қағып кеткен.
"Жарақат салдарынан әскери қызметші оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Қарулы Күштер қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Отбасына заңнамаға сәйкес көмек көрсетіледі", - деп жазылған хабарламада.
