Индонезияда қазақстандық модель ресейлік блогерге шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алынды

Қаракөз Амантай 23 қаң. 2026 09:42

Индонезияның Бали аралында қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекова ұсталды. Ол түнгі клубтардың бірінде ресейлік блогерге шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Бұл туралы Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға екі қыздың бір мекемеде демалып отырған кезінде болған. Жәбірленушінің айтуынша, ол күтпеген жерден қатты соққы алып, есінен танып қалған.

“Біз үш қыз болып отырдық. Ал үлкен үстелде ер адамдар мен бір қыз болды. Олармен еш байланыс болған жоқ. Шығуға бет алған сәтте кенеттен қатты соққы тиіп, есімнен танып қалдым да, жерге құладым. Кейін басыма ауыр зат - әйнек бөтелке немесе үстел шамы тигенін айтты. Қазір басым қатты ауырады, оң құлағым естімей қалды. Мен бұл соққы маған арналмағанына сенімдімін. Алайда дәл осы жағдайдың құрбаны мен болдым”, — дейді блогер.

Қазіргі уақытта жәбірленуші жергілікті клиникада ем қабылдап жатыр. Ал түнгі клуб әкімшілігі блогердің нұсқасын жоққа шығарып, жанжалға блогердің құрбылары себеп болғанын, содан кейін қыздар арасында сөзге келу орын алғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар кейбір әлеуметтік желілер мен бейресми дереккөздерде жанжалдың украиналық әуенді қоюға байланысты туындағаны хабарланды. Алайда бұл мәліметті ресми органдар әзірге растаған жоқ.

Гүлсезім Алтайбекова 60 тәулікке қамауға алынып, аралдан шығуына тыйым салынды.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Істің мән-жайы мен өзге де қылмыстық-процестік ақпарат жария етуге жатпайды. Процестік мәртебе мен қолданылатын шаралар Индонезияның ұлттық заңнамасына сәйкес тек құзырлы органдармен айқындалады”, — деп хабарлады.

Сонымен қатар Қазақстанның Индонезиядағы елшілігі азаматшаға өз құзыреті шеңберінде барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп отырғанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove