АҚШ елшілігі қазақстандықтарға Айды айнала ұшатын миссияға өз есімін жіберуді ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Есімдер ғарыш кемесінің бортында болатын SD-картаға жазылады. Бұл карта «Орион» ғарыш кемесімен бірге Айды айнала ұшады.
Қазақстандағы АҚШ елшілігі әлеуметтік желіде NASA-ның Artemis II миссиясы аясында осындай мүмкіндік бар екенін хабарлады. Арнайы сайт арқылы өз атыңызды жолдасаңыз, ол SD-картаға жазылып, Айды айналып өтетін ғарыш сапарына аттанады.
Қатысу үшін өз есіміңізді NASA Artemis II миссиясының ресми сайтында қалдыруға болады.
NASA астронавтары Рид Уайзман, Виктор Гловер және Кристина Кох, сондай-ақ Канаданың ғарыш агенттігінің (CSA) астронавты Джереми Хансен SLS (Space Launch System) зымыран тасығышы арқылы «Орион» ғарыш кемесінің бортында ұшатын алғашқы адамдар болады.
Мақала жарияланған сәтке дейін бұл бастамаға 3 419 297 адам қатысып үлгерген. Аталған ұшу — Ай бетіне бағытталатын адам қатысатын болашақ миссияларға жасалған кезекті қадам. Сонымен қатар бұл жоба агенттікке Марсқа жоспарланған алдағы астронавттық миссияларға дайындалуға мүмкіндік береді.
Artemis II миссиясы Флорида штатындағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығындағы 39-ұшыру кешенінен 2026 жылдың сәуір айынан кешіктірілмей ғарышқа ұшырылады.
