– Қытайдағы қазақтардың Тәуелсіздік тұсындағы Атамекенге оралу кезеңін барлап қарасақ, алғашқы көш тізгінін зиялы қауым өкілдері, қаладағы қазақтар ұстағанын байқаймыз. Соның ішінде Пекиннен білім алған санаулы қазақ жастары әртүрлі қызметін тастап, елең-алаң шақта бірден елге оралды. Сол топтың белортасында өзіңіз де барсыз. Қытай астанасында білім алған Сіздерді арғы беттегі ағайын әртүрлі саланың тізгінін қолға алатын буын деп бағалағаны сөзсіз. Сол толқынның басым бөлігі үш аймақта, Үрімжіде, кейбірі Пекинде беделді қызмет атқарып жатқан еді. Қазір қарап отырсақ, негізінен баршаңыз Отанға оралып, біріңіз бизнесте, біріңіз білім саласында еңбек етіп, елге қызмет етіп келесіздер. Тәуелсіздік қолға тие салысымен алға озып, елден бұрын қозғалуларыңызға нендей себеп түрткі болды, әлде қарапайым жұртқа қарағанда ақпараттық қолжетімділік әсер етті ме?
– Мұның әртүрлі себебі бары анық. Жеке факторлық және жалпы үрдістік себептерін жан-жақты қарауға болады. Менің ойымша, ішкі Қытайда оқыған біз үшін ақпарат пен қоғамдық ортаның алар орны ерекше болды. Мао дүниеден өткен соң, бірнеше жылдан кейін билікті қолына алған Дың Шаупиң шетелмен байланысты нығайтып, елге еркіндік берді. Жабық қоғамнан ашық қоғамға қарай қадам басты. Қытайдың белгілі ақыны Гомороның сол кезде «Елімізге ғылым көктемі келді» деп, саяси және әлеуметтік құрсаудан босай бастаған жұрттың болашағынан үлкен үміт күткені бар. Бұл кезең Қытайға ғылым-білімнің ғана емес, мәдени жаңару мен ақпараттың да ағыла бастаған шағы. 1982 жылы Пекин ұлттар университетіне Шынжаңның әр жерінен ондаған қазақ баласы оқуға бардық. Біз Қытай астанасындағы саяси-әлеуметтік өзгерістерді, мәдени-ақпараттық еркіндікті өз көзімен көрген буын өкілдеріміз. Айталық, «Азаттық» радиосын еркін тыңдайтынбыз. Қытай мен Кеңес одағының арасындағы мұз еріп, бір-бірімен қоян-қолтық араласа басатаған тұсы болғандықтан, Кеңес одағының баспасөзі де Ұлттар университетінің кітапханасында тізіліп тұратын. Горбачевтің «қайта құру» саясаты мен Дың Шаупиңның «сыртқа есікті айқара ашу» жоспары бір-бірімен үйлескендей, екі жақта да мамыражай шақ орнай қалды. «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетін сонда жүріп оқи бастадық. «Қазақ әдебиеті» газетін Шерхан Мұртаза ағамыздың басқарып тұрған шағы, әр апта сайын газетті асыға күтетінбіз. Ондағы мақалаларды талқылап, өзара ой бөлісетінбіз. Ұлттық құндылықтар, тарихымыздың ақтаңдақ кезеңдері, ел болудың өзекті проблемалары әр сала туралы мақалаларда ақырын-ақырын қозғалып, бірте-бірте саяси мақалалар да жарық көре бастады. Ұлтты тану, ұлтты түсіну, ұлтқа қайту, ұлттық рухты сезіну... сол кезеңдегі баспасөз әр қырынан көтерген тақырыптар еді.
Бұдан бөлек, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділовтың тарихи романдары қолымызға тиді. Оралхан Бөкейдің шығармаларын жата-жастана оқыдық.
Біз ұлттық құндылықтарды Қазақстан баспасөзінен алсақ, демократиялық құндылықтың не екенін «Азаттық» арқылы білдік. Қазақстандық баспасөз арқылы Алаш орда туралы сан алуан мақалаларды, әдебиет тарихындағы бұрын айтылмаған, жазылмаған тың дүниелерді біле бастадық. «Зар заман ақындарының» өлеңдерін «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетінен» оқып, Мұрат, Шортанбай, Дулаттардың өмір жолы мен еңбектері туралы зерттеуді де қадағалап, «Бодандыққа қарсы рухты жырлар» жазған, халықтың санасын сілкуге ұмтылған боздақтардың көптігіне таңырқастық. Қазақ әдебиетіне түрен салған авторлардың өлең-жырларын басымыз қосыла қалса болды, талқылайтынбыз.
1980 жылдардың белортасынан бастап Қытайда рухани түлеу жолға қойылды десек, қателеспейміз. Қытайдың зиялылары Батыстың философиясын, әдебиетін, өнертану саласындағы озық ойларын аударып, кеңірек талқыға салып, өздерінікімен салыстырып, «Олар неден озды? Біз неден кеш қалдық?» деген сыңайдағы әңгімелерді ашық талқылайтын күнге жетті. Жаңадан газет-журналдар ашылып, баспалар шетел ақын-жазушыларының шығармаларын бір-бірімен бәсекелесіп аударып жатты. Демократиялық құндылық, кісілік құқық, сөз бостандығы деген ұғымдарды да Қытай астанасы мен дамыған қалаларында еркін сөз етісетін. Университетте жаңа көзқарастағы ұстаздардың беделі артып, арнайы лекциялар оқып, жастар арасында пікір-талас ұйымдастырып, қызу талқы жүргізетін. Оның біразына біз де қатыстық. Үлкен залдарға адам сыймай қалушы еді.
Мысалы, АҚШ президенті Ричард Никсонның кітабы қытай тіліне аударылып, еркін саудаланды әрі кітап жайында алуан пікір баспасөздерде жарық көрді. Ол кітабында «2000 жылдары социалистік жүйені соғыспай жеңеміз» деген тұжырым жасап, бұл тұжырымның экономикалық-әлеуметтік және саяси мәнін кеңінен талқылайды. «Социалистік елдерде саясат алға жылжыса, экономикасы артқа кетеді. Ал экономикасы дамыса, саясаты артқа кетеді» дейді ол тағы да. Біз осы бір ойлы сөзді жаттап алып, өзара әңгімелескенде бір-бірімізге айтатынбыз. Кеңес одағы түбі бір ыдырайтынын сол кезде іштей сездік десек, біреу сенер, біреу сенбес. Көп өтпей Кеңес одағы ыдырады. Күніне «Азаттықты» тыңдап, «Шетел хабарлары» деген газетті ақтарыстырамыз. Өзге елдер бірінен соң бірі егемендігін жариялап жатқанда, біздің ел неге үнсіз деген уайым да болды. Ақыры желтоқсанға сарылып жеткенде, Қазақстан Тәуелсіздік алғанын «Азаттықтан» естіп, мәре-сәре болдық.
– Ол кезде Сіз қайда едіңіз?
– Пекиндегі Ұлттар университетінің кітапханасында жұмыс істеп жүргенмін. Қуанышты хабарды бірімізге біріміз естіртіп, арнайы атап өттік. Бізбен араласатын қытай достарымыз сендердің елдерің бар екен ғой, неге елдеріңе кетпейсіңдер деп айтып та жатты. Көбіміз Отанға оралуды сол шақта іштей ойластыра бастадық.
Сізге бір қызық айтайын. Қазақстанның әрбір жаңалығы біз үшін айрықша маңызды еді. Кішкентай жетістігіне сүйініп, кейбір жайсыз хабарларына күйініп жүретінбіз. Пекинде комунизм көсемдерінің классикалық шығармаларын, орталық өкіметтін құжаттарын кәріс, ұйғыр, қазақ, тибет, моңғол тілдеріне әртүрлі сала бойынша аударма жасайтын Орталық ұлттар аударма мекемесі бар болатын. Сол мекемеде жұмыс істейтін бір ағамыз өзге әріптестерімен қалжыңдасып, бірінің кемшілігін біріне айтып, әзілдесіп жүреді екен. «Міне, біздің Отанымыз бар, ол әлемдегі жері үлкен, байлығы мол елдің бірі» деп мақтанатын болса керек. Бір күні Қазақстан министрлерінің бірі Еуропада супермаркеттен зат ұрлап, ұсталып қалды деген хабар шықты. Ағамыздың әзілқой моңғол досы газетті қолына алған бетте досын іздеп, мұқалтпақ болмай ма. Әріптесі жұмысқа келмей, келсе де досының көзіне көрінбеуге тырысып, қашып жүріпті. Қазақстанның министрі үшін сонау Пекиндегі қаймана қазақ ұялыпты десе, қазір көп адам сене қоймас...
Көп өтпей Қырғызстан әлем қырғыздарының құрылтайын өткізді. Одан кейін Қазақстанда дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша әлем қазақтарына арнап үндеу жариялап, алыстағы қандастарды Отанға оралуға шақырды. Сол мезетте жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» деген керемет мақаласы жарық көрді. Сол мақаланы Пекинде көшірмеден өткізіп, бүкіл студенттер мен қазақ зиялыларына тараттық. Осының бәрі біздің елге оралуымызға ықпал етті.
Алдымен келгендер соңындағыларға шақырту жіберіп, бірін-бірі үгіттеп, елге ел қосты. Алғаш келгендердің әрбірі Қазақстанға бір-бір ауылдан көшіріп келді деп айтуымызға болады. 1957-62 жылдардағы көшпен салыстырғанда 1990 жылдардағы көштің айырмашылығы – бұл таза қазақтың өз еркіндегі көш болды. Алдымен қаладағы оқығандардың бір шоғыры, содан кейін студент жастар келе бастады. 2000-2009 жылдар аралығындағы көшті «Қазақ көшінің алтын дәуірі» деп те айтсақ болар. Бұл кезде Қытайдан бауыр-туыс бірігіп, ауыл боп елге оралды. Азаматтық алу, оқуға түсу, квота алу ісі оңтайлы болды. Сол үрдіс тоқтамағанда, біраз ағайын әлдеқашан елге оралып үлгірер еді...
– Жақсы қызметтеріңізді тастап елге келгенде, кімдер қарсы алды? Өкінген кездеріңіз болды ма?
– Ол жақта университет бітірген, ғылыми мекемелерде жұмыс істеген жастардың дені бұл жаққа келген соң Ғылым академиясы мен университеттерде білімін жалғастырды. Бізді елге танымал академиктер мен профессорлар қамқорлыққа алып, жатақханаға орналастырды. Менің жетекшім академик Серік Қирабаев Ғылым академиясының шаруашылық басқармасының бастығына телефон соғып: «Менің Қытайдан келген аспирантымның барар жері жоқ. Менің кабинетіме қонып жүр. Жатақхана беруіңді сұраймын» дегені әлі жадымда. Сол жатақханада жүріп үй алдық, бала-шағалы болдық. Арамызда барлық қиындыққа шыдап, кандидаттық диссертация қорғаған азаматтар да бар. Олар қазір елімізге белгілі ғалымдарға айналды. Кейбір жігіттер заман ағымына орай бизнес жолына кетті. Меніңше, біздің буынның ішінде елге келгендеріне өкінгендері жоқ шығар деп ойлаймын. Өз басым елге келгеніме ешуақытта өкінген емеспін. Өткен ғасырдың соңында-ақ Қытайда тіл мәселесі күрделене бастаған. Бүгін болмаса, күні ертең ұрпағымыз қытай тілінде сөйлемесе, өмір сүре алмайтыны белгілі еді. Ірі қалалардағы қазақ балалары сол кезде-ақ ана тілін ұмытып, тілдері қытайша шыға бастағанын көргендіктен де, елге қанша тез жетсек, сонша жақсы боларын іштей сезініп, белді буғанбыз. Қытайда көптеген мақалалар жаздым, әңгімелерім баспасөзде жарық көрді. Соның өзінде ішімде бір қыжыл жүретін алабұртып. Көрші қызметкерлердің балалары қытайша сөйлейтін, зиялы деген отбасылардың балалары қазақша білмейтін. Бұл жаңа басталған үрдіс еді. Менде балаларымыз шығармаларымызды оқымаса, онда кім үшін еңбек етіп жүрміз деген ой басым болды. Шарбаққа су құйып жүргендей күй кешетінмін.
Қазір балаларымыз өз ана тілін жетік біледі. Орыс, ағылшын тілдеріне де жүйрік. Қазақстанның маңдайалды университеттерінде оқыды. Алды түрлі бағдарламалармен шетелден білім алып жүр. Бұдан артық қандай игілік болсын.
– «Шетелден келген қазақтар елге не алам деп емес, не берем деп келсін» деген сөз жиі айтылады. «Елге ел қосылса – құт» екені шындық. Әйткенмен, Тәуелсіздіктің нығаюына қандастарымыз айтарлықтай үлес қосты ма?
– Тәуелсіздік алғанда Қазақстандағы қазақтың үлесі небары 42 пайыз болғанын жақсы білесің. Неміс, орыс, украин секілді біршама ұлт тарихи отандарына кетті десек те, 2009 жылғы санақ бойынша қазақтың үлес салмағы 67 пайызға жеткені бейресми хабарланды. Кейін 62 пайызға төмен сырғытса да, бұл тәуелсіздіктің ең басты жетістігі еді. Осы көрсеткіште елге оралған 1 миллион қазақтың үлесі жоқ па? Меніңше, айрықша үлесі бар. Оралман десе, үйсіз, күйсіз жүрген, жағдайы нашар әлеуметтік топ көз алдымызға елестейтіні де шындық. Соның көбі кері бағыттағы ақпараттық ағынның кесірі. Өз күнін өзі көріп, әртүрлі шағын бизнесті дөңгелетіп жүрген қандастарымыз, өз күшімен табысқа жеткен кәсіпкерлер, ірі бизнес орталықтарын құрған іскер азаматтар, ғылым мен білімнің сан саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған жастар отанымыздың нығаюына еңбек сіңірмей жүр деп айта аласыз ба?! Алматы, ШҚО, ОҚО, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында жан саны азайып, мектептері мен әлеуметтік нысандары қираған талай ауылды шеттен келген ағайындар сақтап қалған жоқ па. Оның бәрін айтпағанның өзінде, мемлекеттік тілдің кемелденуіне, ұлттық иммунитеттің күшеюіне, ұлттық тарихтың кем-кетігінің толықтануына, өзге этностар ортасында санымыз өсіп, сапамыздың да артуына оң ықпал еткенін нақты статистикамен дәлелдеудің қажеті шамалы шығар.
Әлемнің әр тарапынан келіп жатқан қазақтардың өздері тұрған елдің салт-дәстүріне, қоғамдық формациясына , өмір сүру дағдысына орай бейімделіп, жақсы қасиетін де, кейбір жағымсыз менталитетін де бойларына сіңіретіндері жасырын емес. Біз тек жағымсыз дүниелерді қазбалап, артықшылығын ұмыт қалдырсақ, онымыз өсер елдің іс-әрекетіне жат қылық. Қайта шеттен келген ағайындардың көшіп келген елдерінде игерген білім-білігі мен әртүрлі кәсіптегі тәжірибесін пайдалана білсек, бұл ұлттың кемелденуін жеделдетеді. Шетелдегі қазақтарды мақтан мен дақпырт үшін емес, болашақ үшін, Орталық Азияда бірегей мемлекет құру жоспары үшін елге жинап жатырмыз деп түсініп, сол мақсатта жұмылсақ керек-ті.
Егер "үлес қосуды" қыруар қаржы, инвестиция құюмен өлшесеңіз, онда айтарлықтай үлес қоспаған шығар. Ал егер ұлттың түлеуі, бірігуі, ішкі бәсекелестік пен сыртқы тұтастықтың өзара үйлесімі тұрғысынан қарасаңыз, онда орасан зор үлес қосты, қосу үстінде деуге болады.
Шетелдегі қазақтар Қазақстанға көлемді инвестиция құюға дәл қазір қауқарлы емес. Мұның бірнеше себебі бар. Армян, еврейлерге қарағанда, біздің шетелдегі қандастарымыздың дені кезіндегі тарихи атамекендерінде отыр әрі олар негізінен социалистік лагердің құрсауында болды. Еуропа, АҚШ секілді елдерге қоныс аударғандар саусақпен санарлық. Қазір Еуропаға барып жатқан байлар Қазақстаннан кеткендер. Олар негізінен отанын көркейту үшін емес, отанын тастап, осы елдің ақшасын үптеп кеткендер.
Болашақта шетелдегі қазақтардың ішінен миллиардерлер шығуы мүмкін. Қытайдағы қазақ диаспорасы соңғы 20 жылдың көлемінде қалаға көше бастады. Түрлі бизнес саласында айтарлықтай жетістікке жетіп, ірі корпорацияларды құруға талпынып жүргендері байқалады. Түркия қазақтары Еуропаның біраз еліне қоныстанып, өз кәсіптерін бастағанын білеміз. Қазақ Үкіметі шетелдегі қазақ бизнесмендеріне мүмкіндік туғызып, оларды сырттай қолдауы керек. Түркия елі шетелге кеткен бизнесмендеріне түрлі субсидия бөліп, қаржыландырады дегенді естігем. Бізге де сондай нақты жоспар құрып, арнайы бағдарлама әзірлейтін уақыт жетті. Шетелдегі қазақтың бәрі біржола елге келеді деп армандауға әлі ерте. Қазақстанның дамуына сыртта жүріп те көмектесуге болады.
– Дұрыс айтасыз. Десе де, ел болған соң әртүрлі пікір айтылады. Әлдебір оғаш пікірлерді оқыған қандастарымыз бірден өре түрегеліп, шамданып жатады. Қоғамдық ортаға бейімделу, қазіргі саяси тілмен айтқанда, толеранттылық қандастарымызға айрықша керек қасиет секілді. «Отанға келсең құшақ жая қарсы аламыз» деген ұраннан гөрі, Қазақстанның әлеуметтік-саяси ортасын алдын ала түсіндіру, елге келген соң бейімдеу жұмысын жоспарлы түрде жүргізу жағы кемшін, тіпті жоқ десек те болатындай. Әрине, мемлекет тарапынан қолға алынған істер бар. Оның көбі стандарттық қалыптан аспайды. Бәлкім, шетелден ертеде келген ағайындар, әртүрлі қорлар мен бірлестіктер бірлесіп, арнайы бағдарлама жасап, жаңадан қоныс аударған қандастарды бейімдеу орталықтарын құрып, ақпараттық ағартушылықпен жұмыс істесе, сол өнімді болар ма еді?
– Сөзіңіздің жаны бар. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп Абай айтпақшы, сөзуарлығымыз басым. Кішкентай істі дабырайтып, алды-артымызға қарамай аттандайтын ағайындардың бар екені шын. Біз көп жағдайда өз тұрғымыздан ғана ойлаймыз. «Неге олай айтты? Неге бұлай істемейді?» деген сауалды қоямыз да, «біз неге осы елдің ішкі өміріне тез бейімделе алмадық?» деген сауалды өзімізге қоймаймыз. Айталық, Ұзынағашта ағайынды үш жігіт қайтыс болғанда, мұны оралмандарға жасалып жатқан қысастық, арандатушылық деп көрсетуге тырысқандар болды. Мен Пекинде жүр едім. Дереу жігіттерге хабарласып, қылмыстық ұлтқа, жерге, елге бөлінбейтінін айтып, «Жебеудің» атынан мәлімдеме жасаттық. Кейін қайтыс болған ағайындылардың отбасыларына бірлестік атынан қаржылай көмекпен қатар, адвокат жалдап бердік. Осындай оқиғалар кезінде біржақтылы емес, жан-жақтылы ойланғанымыз жөн. Ондай кісі өлтіру, адам тонау, ұрлық-қарлық Қытайда болмай жатыр ма? Ол жақта да ай-күннің аманына қайтыс болып жатқандар, кісі қолынан қаза табатындар жетерлік. Бұл қоғамдық өмірдің көрінісі. Оны оралмандарды шеттету, оларды бөлшектеу деп түсіну – таяздықтың салдары.
Оның үстіне қазақтың бірігуіне, санының артуына мүдделі емес топтар бар секілді. Олар БАҚ арқылы отқа май құйып, оралмандардан жағымсыз, бейшара кейіпкер сомдауға күш салатыны байқалады. Ана бір жылы «Оралмандар – оңбағандар» деп Өмірұзақ Сәрсенов деген олигарх ағамыз «Қазақстан» арнасынан сұхбат берді. Ол сұхбатты ұйымдастырушы басқа емес, елге танымал ақын Жүрсін Ерман. Телеарнаның бұндай сұхбатты экраннан қандай мақсатпен көрсеткені түсініксіз. Содан кейін оралмандарға қарсы мақалалар жиі жарияланып, талай дау-дамай болды. Ақыр соңында көштің тоқырауына алып келді. Мысықтілеулі топ көздегендеріне жетіп тынды. Әсіресе, Қытайдан келетін қазақтардың саны күрт кеміп кетті. 2010 жылғы «Көші-қон» туралы заңға енген түзетулерден кейін елге келген қандастарымызыдң көбі азаматтық ала алмай, не анда жоқ, не мұнда жоқ, пұшайман күй кешті. Қытайдан келер көштің саны кемімесе, артар түрі көрінбейді. Бүгіндері Шынжаңдағы саяси ахуал күрделеніп кеткенін көріп отырмыз.
Біздің елде мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіруге мүмкіндік зор. Егер іскер қыз-жігіттер бірігіп, оралмандарды бейімдеу орталықтарын құрып, тендер арқылы жұмыс істеймін десе, мемлекеттік органдар қолдайды деп ойлаймын. Бұл тарапта атқарар жұмыс көп екені даусыз. Бір елден екінші елге келудің өзіндік қиындығы мен ауыртпашылығы жеткілікті. Бізді барлық шарт-жағдаймен жарылқап тастамады деп мемлекетті, бұлар тез бейімделмеді деп шеттен келген қазақтарды кінәлауға болмайды. Бәрі уақыт ағысымен реттелетін мәселелер.
– Біздің халықтың бойында Қытайдан үрейлену стеоротипі басым секілді. Қытайлар Қазақстанды басып алуды көздейді деген ақпараттан көз сүрінеді. Бұл үрейді қалай жеңуге болады?
– Тарихқа көз жіберсек, түркілер мен қытайлар ежелден қоңсы отырған ел екенін байқаймыз. Солтүстіктегі түркі бірлестіктерімен ғасырлар бойы араласқан, соғысқан, бітіспес жау болған кездері де көп. Ұлы Қорғанды көшпенділердің текпініне шыдамай, солардан қорғану үшін салғаны тарихтан мәлім. Ғұндар мен Хань патшалығы кезінде көп жағдайда көшпенділер жеңген. Олар өзара тыныштықты сақтау үшін ханшаларын ғұн билеушілеріне беріп отырған. Бір тарихта өз қызын емес, басқа күңін бергендігін біліп қойған ғұн билеушісі өзіне берген қызды өлтіріп, Хань патшасының өз қызын сұрағаны айтылады. Мұндай мысалдар көп.
Түрік қағанатын жаулап алған Таң империясы түркілердің ішкі ымырасыздығын, бақталастығы мен тақталастығын оңымен пайдалана білген. Одан кейін Шыңғысхан дәуірі мен Алтын Орда хандығы кезінде түріктердің десі үстем болды. Құбылай хан негізін қалаған Миң патшалығы қытайларды бірнеше ғасыр бойы билеген. Тарихқа көз жіберсек, қытайлардың көшпенділерден жеңілген уақыты, салық төлеуге мәжбүр болған кезі көп. Біз соның бәрін ұмтып, жеңілген сәттерімізді жиі еске алатын болдық.
Қытайдың бізді жаулап алмақ ниеті жоқ деп те, бар деп те айта алмаймыз. Империя – қашанда империялық санамен өмір сүруге талпынады. Қытай бізге дос та, жау да емес, басқа көршілеріміз секілді әріптес ел. Мәселеге осы жағынан көп көңіл бөлгеніміз жөн. Кез келген мемлекетаралық қарым-қатынаста оларды империя деп әспеттемей, олардың ыңғайына жығылмай, тең дәрежеде сөйлесе алатын біліктілік қажет. Қарапайым азаматтар арасында болсын, компаниялар арасында болсын, саудалық байланыс яки басқа да келіссөз кезінде өзімізді олармен тең қойып үйренсек дұрыс.
– Қытайда Орталық Азияны зерттейтін ондаған орталық бар дейді. Бізде қытайтану орталықтары санаулы ғана. Бұл олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?
– Қытайдың әрбір өлкесінде Орталық Азияны зерттеу институттары жұмыс істейді. Олар осы аймақтағы кез келген жаңалықты барлап, бақылап отырады. Жуырдағы жылдарда Шанхай мен Пекинде, Ши-андағы университеттерде «Қазақ тілі» кафедрасы ашылды. Шынжаң университеі, Іле педагогикалық университеті, Пекин ұлттан университеті секілді оқу ордаларында бұрыннан бар. Олар қазақ тілін емес, болашақ қазақтанушыларды тәрбиелеуге ынта танытып отыр. Бізде бірнеше университетте Шығыстану кафедралары жұмыс істейді. Қытай тілін оқытатын оқу ордалары бар. Бірақ солар «Қытайтану» ғылымына қаншалықты көңіл бөліп отыр? Қытай тілін оқушылардың көбі күні ертең Қытай компанияларында жұмыс істесем деген арманнан ары аспайды. Солардың ішінен болашақ қытайтанушыларды тәрбиелеп, арнайы оқытуды қолға алған жөн. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан бірде бір қытайтанушыны білмейміз. Әуезов пен Хафизовадан кейін, Н. Мұхамедханұлы, Д. Мәсімханұлы, Б. Еженхан, Қ.Ғабитхан, С. Сұнғатай, Ж. Ошан, Т. Зәкен секіліді Қытайдан келген ғалымдар едәуір еңбек етті. Енді осы кісілердің ізін жалғайтын, заманауи біліммен қаруланған жастар керек. Қытайтану жағынан орыстардың дәстүрлі мектебі бар. Бізге де осындай мектеп қалыптастырған жөн. Әйтпесе, «Қытайда ұрлық жасағандардың қолын кесіп тастайды екен ғой», «Қытайлардың шыбын-шіркей жейтіні шын ба?» дегендей балаң түсінікпен өмір сүреміз. Мұндай балаң түсінік біздің ішкі сенімімізді шайқап, Қытайдан орынсыз қорқу синдромын қалыптастырады.
– Қытайдың өзге көршілерімен байланысы қандай? Қытайдың өз ішінде шешілуі қиын өзекті мәселелер бар ма?
– Олардың өз ішінде толып жатқан түйткілді түйіндер бар. Әсіресе, Шығыс және Оңтүстіктегі көршілерімен арасы салқын. Бұрын Қытайдың Солтүстігі мен Батысын Кеңес одағы қоршап тұрды. Ал Шығыс жиегі мен Оңтүстік тарапын Америка бақылауда ұстады. Американың теңіз флоты Таюанда еді, жуық жылдары оны Вьетнамға көшірді. Қытайдың Жапония, Филлиппин, Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея, Вьетнам, Малайзия секілді елдермен арасында территориялық араздығы біткен жоқ, экономикалық қарым-қатынасы да дерліктей емес. Ресеймен Қиыр Шығыста жер дауы бар екені ақпарат құралдарында жиі айтылып жүр. Үндістанмен де келіспейтін тұстары көп. Вьетнам мен Үндістанның жан-саны жыл санап артумен қатар, экономикалық әлеуеті артып келеді. Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай үштігінің өзара ымырасыздығы күн санап күрделеніп келеді. Қытай қанша дамығанымен, осы елдердің түрлі кедергілеріне тап болмай тұрмайды. Демек, Қытайдың Орталық Азиядан өзге проблемасы шаш-етектен. Біз осы жағын жіті барлап, тиімді тұстарын өз мүддемізге пайладана алғанымыз жөн.
Қытайда ішкі проблема тіптен күрделі. Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы мәдени-рухани текетірес, бай мен кедей арасындағы айырмашылықтың күн өткен сайын артуы, дамыған өлкелер мен артта қалған райондар арасындағы экономикалық алшақтық Қытай үшін бас ауру. Олардың тақыр кедейлерінің саны жалпы халықтың едәуір бөлігін құрайды. Бұдан бөлек Шынжаңдағы ұйғыр мәселесі тіптен күйіп тұр. Оларды «тәртіпке шақырудың» кері реакциясы күтпеген оқиғаларды туындатуы мүмкін екенін өз саясаттанушылары да дабыл қағып айтып жатыр. Бұған Тибеттегі жағдайды қосыңыз.
Сондықтан, бізге қытайтанудың жүйелі жоспарын жасап, олардан үрейленуден бұрын тануға, білуге ұмтылыс жасау маңызды.
– Сәлиқалы әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Т. ТАҢЖАРЫҚ.