ОПЕК+ елдері мұнай өндірісі көлемін арттыру туралы жоспарды тағы да кейінге қалдырды

Кәмшат Тілеухан 04 қар. 2024 10:11 1165

Сауд Арабиясы, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир, Оман, Ресей алдында қабылданған мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 2,2 млн баррельге дейін қысқарту туралы келісімді ерікті түрде тағы бір айға ұзартты. Бұл шектеу енді 2024 жылдың соңына дейін өз күшінде болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алдында қабылданған шараны тағы бір айға шегеру туралы шешімді ОПЕК+ елдері 3 қарашада, жексенбіде министрлердің кеңесінен кейін қабылдаған.

Reuters мұны мұнайға деген сұраныстың төмендеп, ұсыныстың артуымен түсіндіреді. Әсіресе, Қытай тарапынан сұраныс түсіп кеткен. Керісінше, ОПЕК+ елдерінен тыс ұсыныстар мұнай нарығына қысым түсіруде.

Сондай-ақ, ОПЕК + елдері Ирактың, Ресей Федерациясы мен Қазақстанның өндірісті ерікті түрде қысқарту және белгіленген квоталардан артық өндірілген мұнай көлемі үшін өтемақы төлеуді кестеге сәйкес жүргізу туралы бірлескен мәлімдемесін құп көрді. 

Айта кетсек, 2023 жыдың қараша айынан бастап ОПЕК-ке қатысушы сегіз ел мұнай өндірісін өз еркімен азайтуға көшті. Осылайша олар "қара алтынның" өндіріс көлемін тәулігіне 2,2 миллион баррельге қысқартып келді (айына 180-200 мың баррель). Дегенмен 1 қазаннан бастап бұл шектеуден біртіндеп бас тарту жоспарланған,яғни мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 180 000 баррелге арттыру арқылы. Бірақ қыркүйек айының басында бұл шараны тағы екі айға (қазан, қараша) кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, келісімге қатысушылар 2024 жылдың алғашқы жеті-он айында рұқсат берілген көлемнен мұнай өндірісін арттырған елдерді мұқият бақылап (ИракҚазақстан мен Ресей), олардан бұл көлемді болашақтағы өндірістен қосымша қысқартуды талап етуде. 

Мұнайдың бір баррелінің бағасы өткен жұмада 73 доллардан сәл көтерілді, бұған ОПЕК+ елдерінің өндірісті қысқарту жоспарын одан әрі кейінге қалдыруы жөніндегі болжам ішінара ықпал еткен. Сонымен қатар, Brent маркалы мұнайдың бағасы 2024 жылдағы ең төменгі деңгейіне жақындады. 

"Сауд Арабиясының энергетика министрі, ханзада Абдель Азиз бин Салман ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді шектеу туралы келісімді бұза берсе, мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін құлдырауы мүмкін екенін ескертті. Ал бұл деген Сауд Арабиясы альянс мүшелері квоталарды сақтамаса, баға соғысы басталуы мүмкін. Ханзада, әсіресе бұл ретте Ирак пен Қазақстанды атап өтті, олар үнемі келіскен шектеулерді бұзады. Тамыз айында Ирак өз квотасын тәулігіне 400 мың баррельге арттырса, Қазақстан Теңіз кенішіндегі жұмысты жандандыруға байланысты мұнай өндіруді көбейтуді жоспарлап отыр", делінген телефон конференцияға қатысқан делегаттар сөзін жариялаған The Wall Street Journal басылымының қазан айының басындағы мақаласындаДегенмен көп ұзамай ОПЕК +  WSJ басылымында жарияланған бұл деректер жаңсақ екенін, тіпті оның "толығымен ойдан шығарылғанын" баса айтты. Мұны Қазақстан, Ресей мен Ирак та растады. Олар қыркүйек айында ұсынылған өтемақы жоспарларына сәйкес өз міндеттемелерін толығымен орындағандарын дәлелдеді.

Қалай дегенмен де бұл талап қазірдің өзінде Қазақстанның мұнай өндірісі көлеміне әсер етіп үлгерді. Мәселен, елімізде 2024 жылы 88 млн тоннадан астам "қара алтын" өндірілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 90,5 млн тоннаны құрайды деп жоспарланған болатын. Демек,биылғы жоспардан 2,5 млн тонна "сызылып" отыр. Оның үстіне Қазақстанда 2023 жылы 89,9 миллион тонна мұнай өндірген болатын  Осы жағынан алғанда, бір жылда өндіріс көлемі 2,1%-ға қысқарып отыр. Ал бұл өз кезегінде ел бюджетіне түсетін мұнай табысының көлемі күрт қысқаратынын білдіреді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар