Оның айтуынша, облыс бойынша 2017 жылы мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 102,1 пайызға орындалып, жоспардан тыс 6,5 млрд. теңге қосымша кірістер түскен. Сондай-ақ, былтыр республикалық бюджет 101,3 пайызға орындалып, 2,5 млрд. теңге артық түсіп отыр.
Бұдан бөлек, ҚР Үкіметімен бекітілген Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес, облыстық және аудандық, қалалық коммуналдық меншіктегі 21 нысанның 13-і электронды сауда-саттыққа қойылып, оның 10-ы жалпы 557,63 млн. теңгеге сатылған.
– Сегіз нысан электронды сатылымға шығарылып, оның 7-і кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға жалпы 12183,7 млн.теңгеге берілді. Облыстық коммуналдық мүлікті сату бойынша былтыр 2016 жылмен салыстырғанда жергілікті бюджетке 204 млн.теңге артық түскен, – деді Абдрахман Батырбекұлы.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы сәуір айында облысқа жасаған сапары кезіндегі тапсырмасына сәйкес, салық салу базасын кеңейтуге және жергілікті бюджеттердің түсімдерін ұлғайту бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, облыс бюджеті қосымша 16,8 млрд.теңгеге ұлғайтылып, жалпы 124,4 млрд.теңгені құрады.
Айта кетерлігі, өткен жылы бюджет шығыстарының 62,8 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Мәселен 2016 жылмен салыстырғанда білім беру саласына бөлінетін қаржы – 23 млрд. теңгеге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 13,2 млрд. теңге, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк саласына қаралатын қаржы – 7 млрд.теңгеге артып отыр.
2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстық коммуналдық меншіктегі тұрғын емес жайды жалға беруде 354 келісім-шарт түзіліп, нақты бюджетке 54,7 млн. теңге түсім түскен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 22,7 млн. теңгеге артқандығын көрсетіп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі