Оқушылар жаңалық ашты

Dalanews 22 ақп. 2018 10:58 860

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Нұржан Бөдес пен Жансая Қанағатова үйлер мен ғимараттарды, әлеуметтік маңызы бар нысандарды таза экологиялық энергия көзі арқылы жылытуға болатындығын дәлелдеп шықты.

Осылайша олар күнделікті қолданыстағы  көмір, электр, сұйық отынның орнын жаңа өніммен алмастырды. Қос шәкірт өз жаңалықтарын көпшілікпен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар сайысында бөлісті.

Алматы қаласында өткен сайыс «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен өтті. 4 бағыт бойынша өткізілген сайыстың соңғы кезеңіне 700-ден астам оқушы қатысып, 592 ғылыми жұмыстар көрсетілді.

– Біз  «Жартылай өткізгіштерді тұрмыста қолдану» тақырыбындағы жобамен соңғы бір жарым жылдан бері физика пәнінің мұғалімі Замира Мамадилованың жетекшілігімен айналыстық. Республикалық сайыста осы жобаны отандық физика саласының ғалымдары алдында дәлелдеп, сәтті қорғадық. Қазір әлем назары болашақтың энергиясына ауып отыр. Демек, біздің жоба ең өзекті мәселенің жаңа бір шешімін тапты десек артық айтпаймыз. Ендігі жоспарымыз осы жобамызды жетілдіріп, іске қосу, яғни қолданысқа енгізу, – дейді қос шәкірттер.

Өндіріске тың жаңалық енгізуге талпынған Нұржан мен Жансаяның жаңалығы әділқазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, республикалық сайыстың 2-ші дәрежелі дипломымен күміс медаль табысталды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар