Сайдың тасындай іріктеліп, 5 командаға бөлінген жастар ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, жастардың бойындағы шығармашалық қабілеттерімен өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында өзара сынға түсті.
Сайыста ер жігіттер мал сойып, атты ерттеп, отын жарып, самаурын қойып, жүн қырқса, бойжеткендер таба нан пісіру, түйе сауу, күбі пісу, құрт жасау, бауырсақ пісіру секілді сындардан өтті.
Ұлттық дәстүрлерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде айрықша маңызға ие жобада бар өнерлерін ортаға салған сайыскерлер бір сында жеңіліс тапса, келесі сында есе қайтарып, көрермендердің делебесін қоздырып, тамаша көңіл күй сыйлады.
Әсіресе, жастардың атты ерттеуі, мал сою, жүн қырқу, күбі пісу, құрт жасау сәті тартысты әрі шиеленісті өтіп, қазылар алқасының баға беруіне де қиындықтарын тудырды.
Сайысқа қатысушыларға әділ бағаларын берген қазылар алқасының шешімімен жобаға қатысуда айрықша белсенділігі үшін «Алаш» тобы ынталандыру сыйлығына ие болса, үшінші орын «Қазақ жастары» командасына бұйырды. «Ай медет» тобы екінші орыналса, «Самұрық» тобы жүлделі бірінші орынды алды.
Жобаның бас бәйгесін - «Сарыжайлау» тобы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы сыйлықтармен марапаттаған аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебековтер Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатын өскелең ұрпақтың арасында жан-жақты насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда қосқан үлестері үшін жастарға алғыстарын жеткізді.
Мұндай игі істерді одан ары жалғасын табатындығы айтылып, жастардың алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.