Былтыр дөңгеленген дүниенің дүбіріне дүбір қосқан миллиардер Үлкен Дэвид Рокфеллер Нью-Йоркте көз жұмды. Іле-шала саясаткерлер «бұл АҚШ-тың және әлемдік саясатта қалыптасқан жағдайды ептеп болса да шайқалтуы мүмкін» деген болжам жасады. Өйткені ақша жүрген жерде аласапыран тіршілік те теңселіп тұрады. Ол көз жұмған күні 101 жаста еді, екі ай шыдағанда 102 жасын қарсы алар еді…
2017 жылы 20 наурызда Forbes журналы жариялаған байлардың тізімінде рейтинг бойынша Рокфеллер 581-і орынды иеленген. Жалпы байлығы 3,3 млрд долларды құрайтын қалталы қаря туралы Forbes «Жер шарындағы ең кәрі миллиардер» деп жариялады. Көп уақыт өтпей қарияның қыруар қаражаты төңірегінде алыпқашпа әңгіме көбейді.
Үлкен Дэвид Рокфеллер әлемдегі ақсүйектердің бірі. Себебі, оның триллиондаған долларға бағаланатын активтері АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің белгілі бір бөлігін құрайды. Сондықтан Рокфеллердің өлімін әлемдік маштабтағы оқиға деуге негіз бар. Оның жанында АҚШ конгресінің немесе трансұлттық корпорация басшысының өлімі түкке тұрмайды.
Рокфеллерлер отбасының құпиясын білуге құмартушылар да жеткілікті. Марқұмның өмірінің соңына дейін Ротшильд отбасымен бәсекелес болғанын айтады. Тек 2012 жылы 96 жастағы Дэвид Рокфеллер мен 76 жастағы лорд Джейкоб Ротшильд өз капиталдарын біріктіріп, 40 миллиард долларға бағаланған активтерді басқаратын компания құрған.
Бұрындары қарғи-қабақ болып жүретін екі байдың бірігуі көп адамды ойға қалдырады. Осыған дейін өз әлемдерін өздерінше қалыптастырған екі адамның байлығы әлемдік экономика мен саясатқа күндердің күнінде ықпал етерін саясаткерлердің іші сезді. Әсіресе Рокфеллердің тобы кезінде екінші дүниежүзілік соғыста да өз әмірін жүргізген.
Дэвид Рокфеллер — америкалық банкир, мемлекет қайраткері ретінде танымал. Үрім-бұтағымен тақта отырған олардың арасында Дэвид Рокфеллер танымалдығымен таңғалдырған. 1936 жылы Гарвард университетін бітірген. 1940 жылы Чикаго университиетінде экономикадан докторлығын қорғап, сол жылы мемлекеттік қызметке орналасады.
1941-1942 жылдары Дэвид Рокфеллер Қорғаныс департаментінде жұмыс істейді. 1942-1945 жылдары әскерде болып, капитан дәрежесіне дейін көтеріледі. Соғыс жылдары Солтүстік Африка мен Францияда қызмет етеді. Француз тілін еркін меңгерген. Сондықтан болар, біраз уақыт Париждегі АҚШ елшілігінде әскери атташенің көмекшісі болған. Тек 1946 жылы Чейз Манхэттен Банкте жаңа өмірін бастайды. Сол жылдары ең аз жалақымен үш жылын өткізеді. 1947 жылы өз еркімен Латын Америкасы бөліміне ауысып, нағыз қаражат табудың қайнаған ортасына түседі.
1949 жылы Рокфеллер вице-президент болып тағайындалып, Латын Америкасындағы барлық операцияларды қадағалауға алады. Ал 1961 жылы Дэвид Рокфеллер Chase Manhattan Bank президенті болып, 1969 жылы директорлар кеңесін басқарады. Тіпті Кеңестер одағының нарығына шығып, 1964 жылы Никита Хрущевпен жүздеседі. Осылайша саясаттан гөрі экономиканы ойлайтын ол өзі басқаратын банктің 70 елде бөлімшесін ашады.
Д. Рокфеллер көптеген елдердің көрнекті басшыларымен тіл табысқан тұлға. Олардың арасында Қытай басшысы Дэн Сяопин, Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлеви, Мысыр президенті Анвар Садат, КСРО басшысы Михаил Горбачёв. Борис Ельцин, Куба басшысы Фидел Кастро тағы басқалар болды. Осының өзі оның білікті қаржыгер ғана емес, көреген саясаткер екендігін де дәлелдейді.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан қайраткер әрі қаржыгер қайырымдылық шараларынан да құр қалмаған. 2006 жылы The New York Times газеті оның қайырымдылық шараларына жұмсаған қаражаты 900 миллион доллардан асқанын хабарлады. 2008 жылы Рокфеллер 100 млн долларды Гарвард университетіне жұмсады.
Міне, нағыз патриоттар еліне осылай қызмет етсе керек-ті.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
Дереккөзі: "Айқын" газеті