Бұл тарапта дамыған неміс жұртының тәжірибесі жүгіну Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Энергетика саласын әртараптандыруды көздеп отырған біздің ел – дәстүрлі қуат көздеріне деген тәуелділіктен арылып, баламалы энергияға ойысуға мүдделі.
Алматыда өткен «Қазақ-неміс энергетикалық диалогында» осы мәселенің өзекті тұстары таразыға тартылып, Германияда келген сарапшылар Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу потенциалына жоғары баға берді.
Аталған шараға Dalanews.kz тілшісі де қатысқан болатын.
Немістің энергетика агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға Германиядағы алпауыт компанияларды өкілдері қатысып, еліміздің баламалы қуат көздеріне инвестиция құятын ықылас танытты.
Солардың бірі әлемге әйгілі – Siemens Energy технологиялық компаниясы. Siemens-тің вице-президенті Ариел Пораттың айтуынша Қазақстандағы жел және күн энергиясының болашағы зор.
Астананың экономиканы әртараптандырудағы бастамаларын оң бағалаған Порат Siemens-тің баламалы энергия көздерімен байланысты инновацияларды елге әкелуге ынталы екенін жеткізді.
«Қазақстанның шикізатқа тәуелділіктен арылып, нарықтық ұстанымдарын өзгертіп жатқаны «жасыл экономикаға» қаржы құюмен айналысатын инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.
Президент Тоқаевтың энергетика саласындағы көмірдің рөлін бәсеңдетуге қатысты бастамалары жаһандық маңызы бар дүние. Көмірден бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортаны улап, экологияның тынысын тарылтып отырғаны жасырын емес. Қазақстанның көмірден газға көшіп, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беру Батыс әлемінің таранынан әркезде қолдау табады. Бұл ретте Siemens Energy бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады», – дейді Порат мырза.
Оның атап өткеніндей біздің ел «жасыл экономикадағы» потенциалы жөнінен әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кіреді.
Немістің өзге де технологиялық компаниялары осы іске атсалысып, Қазақстандағы баламалы энергияны дамытуға қызығушылық танытып отыр.
Жиында белгілі болғандай әзіргі күні еліміздің Энергетика министрлігі мен немістің DENA деп аталатын энергетикалық агенттігі «жасыл экономикамен» байланысты бірлескен концепция әзірлеуде.
Жиында сөз алған неміс кәсіпкерлері мұндай әріптестіктің екі тарапқа да тиімді боларын тілге тиек еттік. Олардың айтуынша энергетикалық секторды жаңғыртудағы Германияның тәжірибесі Қазақстанның баламалы энергия көздеріне қиындықсыз, кедергісіз көшуіне мүмкіндік береді.
Еліміздің неміс жеріндегі елшісі Нұрлан Онжановтың мәлім еткеніндей Қазақстан Германияның қоқыс өңдеу бағытындағы тәжірибесін де қолданысқа енгізбек.
«Неміс билігінің қоқысты сорттау мен өңдеудегі мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін беріп, осы елдегі экоахуалды түзеуге жәрдемдесті. Біз неміс экологтарының қоқыс өңдеудегі концепциясын өз жерімізде іске асырғымыз келеді. Осы мақсатта Германияның Экономика министрлігімен бірлесіп, арнайы жоба әзірлеу үстіндеміз. Жоба Тараз қаласынан бастау алып, нәтиже берер болса, еліміздің өзге өңірлеріне де таралатын болады.
Батыс елдерінде қоқысты бақылау, басқару саясаты дейтін ауқымды экологиялық тұжырым жасалынған. Осының аясында коммуналды қалдықтарды «игеру» әдістемесі әзірленіп, соның арқасында қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшері азаяды» дейді елші.
Айта кетелік, Германияның Орта Азия елдерімен тауар айналымының 80-85 пайызы Қазақстанның үлесінде. Өткен жылы екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі 5,1 млрд еуроны құрап, 2020 жылғы мөлшерден 32 пайызға асып түсті. Ал биылғы жылдың алты айындағы көрсеткіш былтырғыдан межеден озып, 80 пайызға артты.