Климаттың өзгеруін тежеуді көздейтін Париж келісіміне қосылған біздің ел осы құжат аясында мойнына алған міндеттерді кешіктірмей орындауға міндетті.
Экономикадағы «жасыл жобалардың» үлесін арттыруға ниетті ел билігі экологиялық заңнамаларды қатаңдатып, осы салаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуда.
Мәселен, былтырғы жылы қоршаған ортаны қорғауға бөлінген қаражат мөлшері 850 млн долларды құраған.
Дей тұрғанмен, Қазақстан қоршаған ортаның ластау деңгейі бойынша алдыңғы қатарда тұрған елдердің бірі (14-ші орындамыз). Шикізатқа тәуелділіктің осал тұсы осында.
Сарапшылардың пікірінше, пайдалы қазбаларды көптеп өндірудің нәтижесінде экономикалық өсімге қол жеткізген Қазақстан қазіргі беталысын өзгертпесе келешекте экологиялық проблемалармен бетпе-бет келеді.
Былтырғы жылы ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың мөлшері 2 млн 440 тоннадан асып жығылған.
«Бұған Орта Азияда елдері, соның ішінде Қазақстан айтарлықтай «үлес» қосып отыр. Сіз бен біз тыныстайтын ауада аммиак пен көмірсутегінің мөлшері тым көп. Улы газдарды көптеп бөлетін энергетикалық секторды әртараптандыруды уақыт оздырмай қолға алу қажет.
Улы газдарды бөлу жағынан еліміздегі энергетикалық сектордың үлесі 40 пайызды құрайды. Көліктерден бөлінетін зиянды газдың үлесі 9 пайыздың төңірегінде», – дейді сайтымызға пікір білдірген эколог Азаматхан Әміртай.
Қазақстандық экологтарды «Париж келісімінде көрсетілген міндеттерді 2060 жылға дейін толықтай орындай аламыз ба?» деген мәселе толғандырады.
Бұл бойынша біраз бастамалар қолға алынып, «жасыл экономикаға» көшуге алғышарт болатын тұжырымдамалар әзірленген. Былтырғы жылы президент Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жаңа Экологиялық кодекс әзірленіп, белгіленген мерзімде күшіне енген болатын.
Қазақстан бұдан бөлек БҰҰ мақұлдаған «Жасыл көпір» атты экологиялық жобаның негізін қалаған ел.
Аталған бағдарлама аясында климатты қорғау бағытында жетістікке жеткен елдер өзге мемлекеттермен көрген-түйгенімен бөлісіп, «жасыл жобаларға» қажетті инвесторлар іздейді. Бұл бастама да нәтижелі болуда.
Шетелдік инвесторлар Қазақстанға экологиялық технологияларды әкелуде.
Dalanews.kz Қазақстанның ауа сапасын жақсартуға бағытталған шетелдік әріптестердің технологияларын оқырманға таныстыра кеткенді жөн көрді.
- Былтырғы жылдан бастап Шевро компаниясы ҚазМұнайГаз-бен бірлесіп ауадағы зиянды қалдықтардың мөлшерін анықтайтын зерттеулер жүргізуде.
- Ғарыш құрылғыларын жасаумен айналысатын әйгілі Honeywell компаниясы ауадағы көміртегі тотығының мөлшерін анықтайтын ауқымды жоба әзірлеуде.
- Еуропа даму банкі өз тарапынан Қазақстандағы өндірістік кәсіпорындарда зиянды қалдықтар мөлшерін бақылап отыратын жобаны қаржыландыратын болады. Жоба құны 200 млн долларды құрайды.
- Бұдан бөлек Батыс банкі Алматыдағы электрстанцияларды жаңалауға (ЖЭЦ-2) 250 млн еуроның көлемінде кредит беруге әзір. Осының нәтижесінде станция көмірден біржолата бас тартып, табиғи газға көшеді. Бұл өз кезегінде Алматының ауасын жақсартып, зиянды қалдықтарды мөлшерін азайтары анық.
- Ал ACWA Power деп аталатын араб компаниясы Қазақстанда «жасыл сутегі» өндірісін жолға қоюға қызығушылық танытуда.
«Еліміздің тау-кен өндірісі де қоршаған ортаға көңіл бөлуі керек. Мұндай өндіріс орындары негізінен еліміздің Шығыс өңірінде шоғырланған. Дамыған елдерде тау-кен компанияларының қоршаған ортаны қаншалықты ластайтынын анықтайтын мониторинг жүйесі бар. Бұл технологияны бізге де кіріктіру керек», – дейді экологтар.