– Қара топырақты аймақ шаруалары дала жұмыстарын қалай тындырып жатыр?
– Биыл Нарынқол өңірі тұрғындары үшін қуанышты жыл болды. Жыл басында өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп, картоптың жаңа сортымен жұмыс жасасақ деген бастама көтерген болатынбыз. Нәтижесінде картоп алқабы 50 гектарға ұлғайды. Өткен жылы Голландиядан әкелінген жоғары сортты «Санта» тұқымы 70 гектарға себілсе, биыл он еселеніп, 700 гектарға себілді.
– Ауданда картоп егу ісінің белсенділігінің күрт артуының себебі неде?
– Биыл интенсивті технологиялар мен жаңа техникалардың келуі арқылы өнімділік көлемі біршама арта түсті. Оған себеп, жаңа түлеген ауданға өткен жылы облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен 500 млн теңге бөлініп, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған еді. Бұдан бөлек, сервистік орталықтар құрылып, шаруалар бір-біріне септескен. Сөйтіп, шаруалар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек өнімділігі артып отыр. Сәйкесінше, жаңадан сатып алынған 27 трактор шарапатын тигізді. Бұрынғы тракторларда 80 аттың күші болса, жаңа тракторларда 92 аттың күші бар. Алынған техникалардың арқасында егу науқанын ерте біттік.
– Мол өнім алудың құпиясымен бөліссеңіз...
– Текес ауылындағы Байынқол шаруа қожалығының картоп алқабы теңіз деңгейінен шамамен 2 мың метр биіктікте орналасқан. Ал топырағында табиғи құм болғандықтан жаңбыр жауғанда немесе суарғанда топырақтары бірігіп, тұқымды қысып қалмайды. Әрі бұдан шыққан өнімді екі жылға дейін қоймада сақтауға болады. Өнімнің басты кепілі қара топырақ пен сапалы тұқым ғана емес, қуатты техника мен заманауи технология. Сондықтан да құнары мол, аса дәмді бұл картоп Жетісу жерінің бірегей брэндіне айналған.
– Алдағы жоспарларыңыз...
– Берері мол картоппен жұмыс жасауға әркім ниетті. Оның үстіне шаруа қожалықтарымыздың да жайы жақсы. Әлеуеті жоғары. Шаруалары мығым. Өткен жылы 70 гектарға егілген голландиялық тұқымнан 2100 тонна өнім жиналған. Сол сапалы тұқым шаруаларға теңдей таратылып берілді. Алдағы уақытта аудан жауаптылары осы элиталық картоп алқабын 4 жарым мың гектарға кеңейтсек деген ниетте. Сөйтіп, Алматы облысының аталмыш өнімге сұранысын толықтай қанағаттандырмақпыз.
Айта кету керек, жалпы ауданда 17 шаруа қожалығы мен 3 сервистік орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа техникалардың келуінің арқасында 120 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Балжан Қайратқызы, Алматы облысы.