Ескі мектеп қайта жаңарады

Dalanews 14 мау. 2019 02:35 884

Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ аудан орталығынан шалғай орналасқан мектептерді аралады. Аудан басшысы алдымен Зылиха Тамшыбай ауылындағы З.Тамшыбай атындағы орта мектепке барды. 640 оқушыға арналған білім  мекемесі қырық жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген.     

Мектеп  директоры Гүлмира Садырбаеваның айтуынша, ғимарат 1974 жылы салынған. 1998 жылы мектеп терезесі, 2004 жылы мектеп жабындысы ауыстырылған. Содан бері білім мекемесіне бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.

Қазір тозығы жеткен мектептің демонтаж жұмыстары аяқталып, іргетасының, қабырғаларының сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, мектептің күрделі жөндеуіне 502 миллион теңге бөлінген.

Мердігер компанияның айтуынша жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жылыту және желдету, су және кәріз жүйелерін, ішкі электр және өртке қарсы дабыл жүйелерін, балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау орнату қарастырылған.

Мердігер «Жібек Жолы құрылыс сервис» компаниясы мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 20-тамызына дейін аяқтауды уәде етіп отыр. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысып шыққан аудан әкімі компания өкілдеріне жоғары сапалы құрылыс жұмыстарын қамтамасыз етуді, бірқатар кемшіліктерді жоюға тапсырма берді.

Сондай-ақ аудан басшысы Алғабас ауылдық округінің Қызылтоған ауылында 25 орынды шағын орталығы мен 120 оқушыға арналған орта мектептің құрылысымен танысты. Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 717 000 миллион теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «СП NEFT» ЖШС   жүргізуде.

Айта кету керек, құрылыс жұмыстарына бірінші кезекте ауылдағы жұмыссыз азаматтар жұмысқа тартылуда.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын жақсартатын осындай әлеуеметтік маңызы бар жобалар жалғасын таппақ.

 

Балжан  Қайратқызы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар