"Өткен сәуірде Қазақстан мұнай өндірісі бойынша рекорд орнатты: тәулігіне 2 миллион баррель. Бұл – әлемдік өндірістің шамамен 2%-ына жуық көрсеткіш. Егер ОПЕК ұйымы әлемдегі өндірілген мұнайдың 40%-дан астамын бақылайтынын ескерсек, біздің үлесіміз олармен салыстырғанда 5%-ға жуықтайды деген сөз. Алайда осы тұста үлкен мәселе бар". Өз жазбасында осылай мәселе қозғаған экономист Алмас Чукин мұнайға қатысты Қазақстанның басты түйткілді жайттарын тарқатады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстан мұнай өндірісі бойынша ОПЕК+ аясында тәулігіне 1 миллион 468 мың баррельден аспауға міндеттелген. Демек, қазіргі әр тәулік бойынша өндіріс көлемі келісімшарттағы көрсеткіштен жарты миллион баррельге асып кеткен. Бұл – айтарлықтай ауытқу. Сауд Арабиясы ОПЕК-тің негізгі ойыншысы ретінде өндірісін өз еркімен тәулігіне 2 млн баррельге дейін қысқартуға міндет алған еді. Демек, біздің артық өндірген жарты миллион барреліміз Сауд Арабиясының өз есебінен жасаған қысқартуының төрттен бір бөлігін "жеп" қойғандай болып жатыр", деп жазады Facebook-тегі парақшасында Чукин мырза Қазақстан өз міндеттемесінен қалай ауытқып жатқанын тәмпіштеп.
Ал жақында ОПЕК+ елдері жалпы өндіріс квотасын тәулігіне 130 мың баррельге көтеруді талқылап жатқандай болған, бірақ Сауд Арабиясы күтпеген жерден бұл көрсеткішті бірден үш есеге көбейтуді талап етті. Бұған мұнай бағасының арзандауы, АҚШ-тың тарифтік саясатына байланысты нарықтағы тұрақсыздық себеп болған сияқты. Баға өспесе, тым болмаса нарықтағы үлесті сақтап, осылайша үлкен көлеммен шығынды жабу қажеттігі туындады.
Маманның айтуынша, мұнайды сақтай алмайсың, өндірдің бе, тез-тез оны өткізу қажет. Бұл – бір. Екіншіден, оның көлемін қысқарту да мүмкін емес. Мысалы, ваннадағы шүмекті бұрап, суды тоқтатуға болады. Ал кен орны – ол ванна емес, тіршілік көзі. Оны жауып қойсаңыз, парафин және басқа да органикалық заттар ақпай тұрып қалады да ақыры "өліп" тынады. Кен басында сорғыш құрылғылар бекерден бекер тұрған жоқ. Оны арасында басып-басып, қысымды бірқалыпта ұстау керек болады.
"Қазақстан болса, ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерін орындауға дайын екенін қайталаумен келеді. Бірақ, шын мәнінде, біз өндірісті қысқарта алмаймыз. ТШО мен NCOC сияқты алпауыт жобаларды тоқтатуға немесе баяулатуға мүмкіндік жоқ, шетелдік инвесторлармен жасалған келісімдер қолды байлап тұр. Ұлттық компаниядан да талап ете алмаймыз, жағдай қиындайды ондайда. Осы жағынан алғанда, Қазақстан "цугцванг" жағдайына тап болды: қай жаққа қадам жасаса да ұтылатын", - дейді сарапшы.
Бұл ахуалдың соңы ОПЕК+ келісімінің ыдырауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Егер келісім бұзылса, Қазақстан үшін бастапқыда ештеңе өзгермейтіндей көрінуі мүмкін. Мұнай бағасы 15-20%-ға арзандаса да, өндіріс көлемі 15-17%-ға артса, түсетін табыс шамамен бұрынғы деңгейде қалар еді. Алайда бұл сырттай қарағанға ғана.
"Іс жүзінде мұнайдан түсетін кірістің құрылымын жақсылап қарасақ, ол үш бөліктен тұрады: таза пайда (майлы бөлігі), өндірісті дамыту мен амортизация шығындары (сан ет) және операциялық шығындар (сүйек-саяқтар). Мұнай бағасы төмендеген сайын, ең алдымен, таза пайда азаяды, өйткені операциялық шығындар өзгеріссіз қалады. Ал таза пайда азайса, инвестициялық жобаларды қаржыландыру, несиелер мен салық төлеу, дивидендтер беру жағы қиындайды. Ақыры, жаңа жобаларды тоқтап, жұмысшылар санын қысқартуға тура келеді. Қазақстандағы мұнай табыстарынан тікелей республикалық бюджетке түсетіні – тек экспорттық кедендік баж салығы ғана. Қалған негізгі табыс көздері (корпоративті табыс салығы, ренталық емес салықтар, арнайы төлемдер) Ұлттық қорға жинақталады да, бюджетке жыл сайынғы трансферт түрінде ғана беріледі. Демек, мұнай бағасының төмендеуі алдымен Ұлттық қорға түсетін қаражат көлеміне кері әсер етеді", - дейді Чукин.
Қазірдің өзінде қалыптасқан 60 доллар көлеміндегі мұнайдың бір баррелінің бағасы мемлекет қаржысына үлкен қауіп төндіріп тұр.
"Себебі, алдағы үш жылдық бюджет Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 75 доллар деңгейіне сай есептеліп, жоспарланған. Бір жылда шамамен 700 миллион баррель сатсақ, әр баррельден 15 доллар жоғалтсақ, сонда бұл жылына кем дегенде 10,5 миллиард доллар кірісті жоғалту деген сөз. Онда да бұл жоғалту – салық түріндегі таза пайданың ең "майлы" бөлігі", деп нақтылайды ол.
Егер әлемдік нарықтағы жағдай өзгермесе, 2-3 триллион теңге көлемінде бюджетке тапшылығы орын алуы мүмкін.
"Мұны жабу үшін Ұлттық қордан алатын трансфертті тағы да арттыруға мәжбүр боламыз. Бұл, әрине, жалпы ішкі өнімге де, экономикалық белсенділікке де, бюджет саясатына да кері әсер етеді. Біз үшін қазір басты мәселе – мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын мойындау және экономиканы тез арада әртараптандыру. Қазақстан шикізатқа тәуелді экономика тұзағынан құтылудың жолын дереу іздеуі тиіс. Әйтпесе, мұнаймен бірге өзіміз де "құрдымға" кете баруымыз ғажап емес", деп сөзін түйіндейді маман.