Мұғалімнен әлемдегі үздік тревел блогер атануына дейінгі жол: Дастан Мұхамедрахым "Оскарға" баланатын сыйлықты жеңіп алды

Мұғалімнен әлемдегі үздік тревел блогер атануына дейінгі жол: Дастан Мұхамедрахым "Оскарға" баланатын сыйлықты жеңіп алды
әлеуметтік желіден

Қазақстандық блогер әрі видеограф Дастан Мұхамедрахым WIBA Awards 2026 халықаралық сыйлығын жеңіп алып, әлемдегі үздік тревел блогер атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марапаттау рәсімі Францияда Канн кинофестивалі аясында өтті. Дастан Мұхамедрахым жеңісі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, марапат табысталған сәттің видеосын жариялады. Оның есімі әлемге танымал инфлюенсерлермен қатар аталды.

WIBA Awards сыйлығы блогерлер мен digital жобалар арасындағы "Оскар" ретінде де жиі айтылады.

Дастан Мұхамедрахым көпшілікке Қазақстан мен өзге елдер туралы видеолары арқылы танылды. Ол өз жұмыстарында табиғат, қала мен мәдениетті дрон және камера көмегімен кино стилінде түсіреді.

Блогерді айтулы жеңісімен оқырмандары, әріптестері, билік өкілдері құттықтады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл марапатты Дастанның көпжылдық еңбегі мен Қазақстанды шетелде танытуға қосқан үлесінің нәтижесі деп бағалады.

Министрдің сөзінше, блогердің видеолары арқылы миллиондаған адам еліміздің табиғаты, мәдениеті және туристік орындары туралы біледі.

Қазір блогердің Instagram парақшасына шамамен 1,7 миллион адам жазылған. Ол желіде танымал болғанға дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Университетті тәмамдағаннан кейін Семейдегі лицейде сабақ беріп, кейін оқу орнының Instagram парақшасын жүргізе бастаған. 

Бұған дейін 600 млн оқырманы бар Instagram-ның ресми парақшасы Қазақстан туралы видео жариялады. Бұл Дастан Мұхамедрахымның видеосы еді. Кейінірек түркиялық атақты әуекомпанияның Instagram парақшасында да қазақстандық саяхатшының видеосы жарияланды. 

Жуырда Голливуд жұлдызы Том Холланд танымал видеограф, блогер Дастан Мұхамедрахымға "Өрмекші адам" трейлерінің бір бөлігіне қатысқаны үшін алғыс айтты.