Моңғолиядан келген делегация алматылық ұстаздармен тәжірибе алмасты

Dalanews 12 қар. 2023 10:04 1052

Алматы қаласына Моңғолия мемлекетінің білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген 40 шақты маманы арнайы келді. Мұндағы мақсат – тәжірибе алмасу. Әуелі А.Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназиясына атбасын бұрған олар көп тілде білім беру жүйесімен танысса, ал №175 "Жаңа ғасыр" гимназиясында «Цифрлық білім беру – заманауи оқытудың кілті» атты тақырыпта өткен халықаралық семинарға қатысты.

Моңғолияның Білім және ғылым министрлігінің, Білім институтының, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Моңғолиядағы және Баян-Өлгий аймағы губернаторы кеңсесі өкілдері, сондай-ақ қандастар көп шоғырланған елді мекендердегі мектеп директорларынан құралған делегацияға мектеп директоры Жазира Аяпбергенқызы білім ұясының тарихын және материалдық-техникалық базасын таныстырды.

2006 жылы ашылған мектеп 2010 жылы гимназия мәртебесіне ие болды. Осы уақыт ішінде білім ошағынан қаншама түлек қанат қақты. Бүгінде соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған мектепте «Цифрлы кітапхана» желісі, робототехника кабинеті жұмыс істейді. Оқушылар шығармашылықтан да кенде емес.


Талантты өрендер қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алса, енді бірі ұлттық спорт – тоғызқұмалақты насихаттап отыр. Шахмат, көркемсурет үйірмесінің қатысушылары да өнері мен ойынын көрсетті. Ал халықаралық семинарда гимназия ұстаздары «KPI мұғалім рейтингісі», «Мұғалімнің электрондық портфолиясы», «IQ оқушы рейтингісі», «Нейрожелі арқылы сөйлейтін аватарлар жасау», «Бастауыш сыныптарды оқытуда цифрлық платформаларды пайдалану», «YouTube каналы арқылы математикалық сауаттылықты арттыру», «Телемост арқылы оқушылардың коммуникативтік қарым-қатынасын дамыту», «Білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды жоюда Wardwall сайтымен жұмыстың тиімділігі» туралы іс-тәжірибелерімен бөлісті.

№175 "Жаңа ғасыр" гимназиясының директоры Жазира Қаратаеваның айтуынша, заман талабы цифрлық технологияны талап етуде.



«Біз семинарда осы үрдістің заманауи білім берудің кілті екенін дәлелдедік. Осы тұрғыда мұғалім мен оқушының шығармашылығын арттыру үшін қандай әдіс-тәсілді қолданатынымызды паш еттік. 2022-2027 жылдарға арналған білім сапасын дамыту бағдарламасы бар. Осының бір бөлігі – цифрлық технологиядан тұрады. Былтыр оқу жылынан бері алғашқы баспалдағына қадам бастық. Биыл осы атқарылған жұмыстар бойынша нәтижеге талдау жасау арқылы алдағы жылдарға мақсат қойдық. Бұған дейін республикалық семинарлар өткізсек, енді міне халықаралық деңгейде Моңғолиядан келген әріптестерімізге тәжірибемізді көрсеттік», – деді мектеп директоры Жазира Аяпбергенқызы.



Ал атамекендегі білім ұяларының жетістігіне тәнті болған Моңғолиядан келген қандастар ерекше тебіреніп, сөз алды. Соның бірі Моңғолияның Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық білім беруді зерттеу инситутының ғылыми қызметкері Гүлмира Жаубайқызы «Қазақстанда тұратын аз ұлт өкілдері балаларына қандай қамқорлық жасалады?» және «Олардың оқу тәрбиесіне қалай көңіл бөлінеді?» деген мәселе аясында ұйымдастырылған жұмыс тобының құрамында болғанына қуанышты.

Бүгінде Моңғолияда ең аз ұлт – қазақтар саналады. Одан кейін тыва ұлты.

«Егер құқымызды шектеп, қысым көрсетсе, 40 шақты маманды Қазақстанға жібермес еді. Сондықтан Моңғолия мемлекеті қазақ тілінің жойылмауына белгілі бір деңгейде жағдай жасап жатыр. Еркіндік бар. Енді мұны білім беру саласына қалай кіріктіре аламыз?» деген тұрғыда тәжірибе алмасып жүрміз» деген Гүлмира Жаубайқызы пікірін былайша сабақтады.      


«Біз Моңғолияда аз ұлт балаларын оқытып жатқан маман саналамыз. Жұмыс тобында 40 адам бар. Мемлекеттік тілді жергілікті жерде тұратын ұлттың ана тілімен қатар оқытатын пән мен тілді кіріктіріп оқытатын әдістемесін Баян Өлгий аймағында екі жыл тәжірбиеден өткіздік. Алдымен №153 мектепке барып, «Оқушылар төрт тілді қалай меңгереді?», «Ұйғыр балаларына мемлекеттік тілді қалай үйретіп жатыр?» деген сауалға жауап іздеп, тәжірибе алмастық. Бұл мектеппен 2018 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Мұнымен қоса, мұғалімдер біліктілігін қалай жетілдіріп жатқанын да білдік.



Жалпы, Қазақстанда басқа этнос, ұлт өкілдерінің баласы өз ана тілінде білім алады. Бұл жақсы үрдіс. Біз де, олар да сол мемлекеттің құрамында тағдырдың жазуымен өмір сүріп жатыр. Өз басым Моңғолияда дүниеге келгенді қалаған жоқпын. Бірақ Моңғолияның азаматы болсам да, қазақпын. Сондықтан әлемнің қай бұрышында жүрсем де, қазақтығымды сақтап қалуым керек. Бізге Моңғолия мемлекеті ана тілімді, ұлттығымды сақтап қалуға жағдай жасады. Сол үшін бұл елге алғысымды айтамын. Ал осындағы ұйғырлар, өзбектер, тәжіктер, басқа да ұлт өкілдері Қазақстанға ризашылығын білдіреді деп ойлаймын», – деді Гүлмира Жаубайқызы.

Моңғолия Білім және ғылым министрлігі, Моңғолия үкіметінің шешімдерін орындайтын агенттігі – Білім басқармасының кадрлар бөлімінің бастығы Золзая Ренцэннің айтуынша, Алматыдағы №153 және №175 гимназиясы мұғалімдерінің мамандықты жетілдіру бағытындағы жұмыстарымен танысып, пәнді тілге кіріктіріп оқыту әдістемесінің қалай жүзеге асып жатқанын тәжірбие жүзінде көрдік.


«Екі мектепке келгенде нені көңілге түйдім? Біріншіден, мұғалімдердің өзіне деген сенімділігі, еңбегіне деген адалдығы, оқушыға білім беруге деген құштарлығын байқадым. Екіншіден, білім ұяларының қазіргі заманауи технологиямен жабдықталғандығы. Үшіншіден, сабақтардың арнайы платформа негізінде өтетіндігі. Жұмыс тобымен келген мұғалімдер, директорлар да осыны ескеріп, тәжірибеде қолданады деген сенімдемін. Баян Өлгий аймағында қазақтардың баласын оқытып жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін Моңғолияда шыңдауға, арттыруға мүмкіндік жоқ. Осы мақсатта Қазақстан мен Моңғолия мемлекеті бірлесіп, 60 шақты мұғалімнің білімін жетілдіруді қолға алсақ деген ұсынысты тиісті органдарға жеткізгім келеді», – деп түйіндеді пікірін Золзая Ренцэн.

[caption id="attachment_95173" align="alignnone" width="1600"] №175 Жаңа ғасыр мектеп-гимназиясы[/caption]

А.Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназия директоры Шавхат Омаров делегацияның ЕҚЫҰ келісімі бойынша және Оқу-ағарту министрлігінің келісімімен жүзеге асқанын жеткізді. «Біздің мектепте көп тілде білім беру моделі 2010 жылы енгізілді. 10 жыл ішінде Орта Азия бойынша ресурстық орталыққа айналып, 60-қа жуық халықаралық семинар өткіздік. Бес күн бойы көп тілде білім беру бойынша әдістемелік тәсілді үйретеміз. Себебі, бұл Баян Өлгий аймағында қазақ мектептерінің дамуы үшін керек тәсіл. Мұнда қазақ балалары 5-сыныпқа дейін қазақша, сосын моңғолша оқиды екен. Білім сапасын көтеру үшін мектепте ана тілін сақтап қалып, соның аясында моңғол тілін кіргізіп, көп тілді білім беретін мектеп жасайтын жоспары бар», – деді Шавкат Ниязұлы.



Моңғолиядан келген делегация Алматыда бес күн болады. Ал Баян Өлгий аймағынан келген мұғалім-қандастар ендігі жолы балаларын алып келіп, атамекенді аралататынын жеткізді.

Аяулым Шаймардан, Dalanews.kz


https://dalanews.kz/del-qazir/95169-monggoliiadan-kelgen-delegaciia-almaty

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар