Жалынып тұрып айтты, осы үш тілдікті асықпайықшы деп, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін әзірше қоспайықшы, тұра тұрайық деп. Алдымен филологияны реттеп алайық. Әдебиетті... Бір сағат екеуі екі жақтан (авт – Мырзатай мен Нұрлан ағаларды айтады) жалынды. Жоқ, қоймай, ендігі аптада заң қабылдаймын, сүйтем-бүйтем деді. Қазір енді көріп тұрсыздар, Елбасы үш тілдікті де тоқтатты», – деген болатын. Министрдің сол айтқаны жартылай жалған болып шықты. Біріншіден, Елбасының үштілділікті тоқтатқаны туралы ресми ақпарат жоқ. Елбасы тек: «Білім және ғылым министрлігінің үш тілді оқыту мен оқу жылын ұзартуға қатысты адамдардың сұрақтары көп екенін білемен. Осыған байланысты Үкіметке қоғамдық пікірді жан-жақты зерделеп шығып, Тамыз кеңесін осы мәселені талқылау алаңы ретінде пайдалануды тапсырамын» деген болатын. Демек, әлі ойластырылады, талқыланады деген сөз. Екіншіден, Арыстанбек мырза айтқан ол «жиынға» Білім және ғылым министрі қатыспаған. Мұны Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі мойындап: «Енді, мен ол жерде, былайша айтқанда, қателік жібердім... Жоқ, оны неғып тұрғаным, бізде үлкен жиналыс болды. Бізге отыр деп айтты. Енді үлкен зал, қараған жоқпыз. Негізі, біздің академиктеріміздің сондай ұсыныстары болды. Қазіргі кезде қазақ тілі мен әдебиетті біріктірмейік деген... Нұрлан Оразалин, Мырзатай Жолдасбеков осы жерде... Сұрасаңыздар болады», – деп құбылып шыға келді.
Сонымен бұл не жиын? Ол жерде кім қандай мәселе көтерген? Бұл жайында Мырзатай Жолдасбековтің өзінен сұраған болатынбыз.
– Министрдің қай жиын туралы айтқанын білмедім, мен үштілділікке қатысты ұсыныстарымды комиссия отырысында айтқанмын. Баланың бойына алдымен ана тілін сіңіруіміз керек. Екіншіден, оның санасына Отанының, ата-бабасының тарихын сіңіруіміз қажет. Қазір осыған байланысты бірқатар пікірталастар жүріп жатыр.
– Қалай ойлайсыз, балаға ағылшын тілін бастауыштан бастап оқыту санасына салмақ түсірмей ме?
– Бір мысал келтірейін. Жапонияда балаға 12 жасқа дейін өзінің туған тілінен басқа тілді оқытпайды екен. Өз басым осыны дұрыс деп есептеймін. Басқа тіл кішкентай баланың психикасына, санасына үлкен салмақ болады. Біз де 12 жасқа дейін Қазақстанда тіршілік етіп отырған халықтың ұлтына қарамастан бәріне мемлекеттік тілді оқытып, соны үйретейік!
– Демек, бала басқа тілді меңгеріп үлгереді демексіз ғой?
– Қазір неше түрлі әдістемелік құралдар шықты. Бала басқа тілді білмей қалады екен деп қорықпау керек. Өзімнің отбасымнан мысал алайыншы. Менің немерелерім кемінде 5 тілді таза біледі. Ағылшын, испан, француз, португал, орыс және қазақ тілі! Еуразия университетінің халықаралық қатынастар факультетінің деканы болып жұмыс істеп жүрген Ақбота деген немерем 7 тіл біледі. Ол сол тілдің бәрін мектепте оқыған жоқ қой. Өмір, кеңістік, орта өзі осыған икемдейді. Адам тілді өзі үйренеді! Оған қиналмауымыз керек!
– Мәдениет министрі өз сөзінде сіздерді «Алдымен филологияны, әдебиетті реттеп алайық» деп айтты дейді. Қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің кейінгі тағдыры қалай болмақ?
– Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Мен премьер-министр інімізге: «Шырағым-ау, быт-шыт болып қирап, соғыс жүріп жатқан кезде тіл бөлек, әдебиет бөлек оқытылған» дегенді айттым. Екеуін қосып оқыту деген екеуінің көлемін қысқарту деген сөз!
– «Қазақстан тарихы» пәнін де өзгертеді екен...
– Мен «Қазақстан тарихы» дегеннің өзіне қарсымын! Қазақ тарихы болуы керек. «Қазақстан» деген берідегі нәрсе. «Қазақ тарихы» десек, кемінде мың жарым жылдан бері қарайғы тарихты қамтимыз. Осының бәрін ысырып қойып, «Қазақстан тарихында» бүгінгі тарихты оқытайық деген пікір шығыпты. Сонда Тәуелсіз Қазақстанның арғы жағында мемлекет болмады ма? Әлде қазақ болмады ма? Бұл да ешбір ақылға қонбайтын нәрсе.
– Демек, бұл тұрғыдағы халықтың алаңы бекер емес болғаны ғой.
– Халықпен санаспаудың ақыры не болды кеше? Елбасы «Халыққа ұнамайтын заңның бізге не керегі бар?» деді. Бізде көптеген қателер халықпен санаспаудан, ақылдаспаудан шығып жатыр.
Дереккөзі: "Айқын" газеті